Мәдениет

Университет музейінде Зайберт залы ашылды

Қозыбаев университетінің мұражайында тарихшы, археолог Виктор Зайберттің залы ашылды. Бөлмеге ғалымның жеке заттары, атап өтсек, гитарасы, қаламы, фотоаппараттары, проекторы сынды дүниелер қойылған. Бұл жерден жерлесіміздің ғылыми еңбектерін де кездестіруге болады. Сонымен қатар, қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер шығарылып отыр.

БОТАГӨЗ ҚОЖАБЕКОВА, Қозыбаев университетінің музей жетекшісі:
– Виктор Федорович Зайберт талай жылдар бойы Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясында қызмет етті. Университетімізде ғылыми лаборатория бар. Ботай, Байқара қонысынан табылған жәдігерлер осы музейге қойылды. Лукар қосымшасы арқылы Виктор Зайберттің жазған шығармашылық жұмыстарын студенттерге көрсетеміз.

Залдың ашылу салтанатына Виктор Зайберттің жұбайы, інісі, шәкірті де келіп отыр. Соңғысы – Астана қаласының «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Қуаныш Шақшақов. Ол 2001 жылы ғалым өзінің археологияға деген қызығушылығын оятқанын айтады.

ҚУАНЫШ ШАҚШАҚОВ, «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры, Астана қаласы:
– Виктор Зайберттің 75 жасында көз жұмғанын білеміз. Ұлы тұлғаны еске алу мақсатында қазанның 5-і мен 6-сы күндері «Ботай» музей-қорығында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізгіміз келіп отыр. Ауқымды шара дәстүрлі форматта және онлайн режимде ұйымдастырылады. «Ботай» тұрағын зерттеу жұмыстары әлі жалғасып жатқанын айтқым келеді. Биыл шаруа екі жерде жүргізілді.

Сөз соңында қоса кетсек, Виктор Федорович – өңіріміздің ежелгі тарихы бойынша 100-ден астам кітап пен мақалалардың авторы. ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Алтынай Казиканова