ТКШҚоғам

Көмір алдыңыз ба?

Гүрілдеген бір көлік кетіп жатса, екіншісі келіп жатыр. Бұл – Жұмысшы кентінде орналасқан теміржол тұйығындағы жағдай. Тұрғындар, диқандар мен мекеме өкілдері кезек бойынша көмір алуда. Бірақ, соңғы күндері сатып алушылардың саны азайыпты. Бұған дейін мұнда халықтың қарасы қалың болған екен.

БАҚЫТЖАН ТҰРМҰХАНБЕТОВ, “Жан” ЖК жетекшісі:
– Қазір ажиотаж жоқ. Тынышталды. Халық алып жатыр. Көмір бар. Күнде жеткізіліп жатыр.

Бақытжан ағамыз “Халықтың басым бөлігі қысқа қамданды, сондықтан келуші азайды”,- деп топшылап отыр. “Дегенмен, жақында клиент саны қайтадан артады”,- дейді азамат. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар маманның сөзінше, арамызда саспайтын тұрғындар бар. Олар қазан-қарашада көмір алады екен. Ал бүгінгі күнге “Жан” жеке кәсіпкерлігі 15 мың тоннадай қара отын сатыпты.

БАҚЫТЖАН ТҰРМҰХАНБЕТОВ, “Жан” ЖК жетекшісі:
– Биыл баға өзгерген жоқ. 100 теңге ғана қосылды. “Шұбаркөл” маркалы көмірді 14 900 теңгеден сатып жатырмыз.

Халықты көмірмен қамту мәселесі өткен аптадағы облыстық әкімдік отырысында қаузалғанын айта кетейік. Жиында өңір жетекшісі цифрлармен бөлісті. Биыл аймаққа 419 тонна қара отын керек екен. Қыркүйектің 21-ші жұлдызына дейін жоспар 46%-ға ғана орындалыпты. Демек, дайындыққа қарқын қосқан жөн. Өз сөзінде Құмар Ақсақалов көмір бағасына да тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша, қазір тек қалтаны ойлаған алыпсатарлардың күні туып тұр. Олардың әрекетіне жол беруге болмайды. Салаға жауапты тұлғалар бақылауды күшейтулері қажет.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Есть факты, когда те, кто занимается транспортировкой, хотят накрутить стоимость. Это мы видим, поэтому люди должны быть оповещены, что только в пределах этой цены можно покупать. А все остальное – это «хотелки» частников.

Жауапты басқарма өкілдеріне хабарластық. Ұсынылған ақпарға сүйенсек, бүгінге дейін қысқа дайындық жоспары 48 пайызға орындалыпты. Қазір өңірдегі 32 теміржол тұйығында 30 мың тоннадан артық көмір бар. Оның 2300 тоннасы – Петропавлда. Сауда нүктелерінде тапшылық болмайды. Облысқа қара отын жылыту маусымында үздіксіз жеткізілмек. Жоспар бекітілген.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Бұған дейінгі жылдары біз аудандық әкімдіктен ұсынылған ақпар бойынша есеп беріп отырдық. Уақыт өте келе ол деректердің шындыққа жанаспайтыны анықталды. Мұны халық тарапынан артқан сұраныстан аңғартық. Сөйтіп, биыл бақылаудың басқаша әдісіне көштік. Қазір теміржол тұйықтарына қанша көмір жеткізілгенін есепке алып, қорытынды шығарамыз. Бағаны да жіті бақылап отырмыз.

Қыстың ауылы алыс емес. Температура төмендеп, қар жауып, теріскейліктерді қазірдің өзінде әлекке салып отыр. Жақын арада күн жылынғанымен, бәрібір жаз болмайды. Сол себепті көмір алып, қауырт маусымға сақадай сай отырған жөн. Тоңып секіргенше, тойып секірген дұрыс…

Байболат Култанов