МәдениетҚоғам

“Есіл су” филиалында еңбек еткен ардагерлерге құрмет

Қазанның 1-і – қазыналы қарттардың мерекесі. Осыған орай бүгін “Есіл су” филиалының ұжымы зейнеткерлерді мейраммен құттықтады. Жиынға кәсіпорында тыңбай тер төгіп, құрметті еңбек демалысына шыққан қариялар қатысты. Бірінші болып аға буынды өндіріс учаскесінің директоры Қанат Асқаров құттықтады.

ҚАНАТ АСҚАРОВ, “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” филиалының директоры:
– Ешкім біздің назарымыздан тыс қалмайды. Филиал ұжымы ардагерлердің әрқайсысына көмектесуге әруақытта дайын. Бүгінгі жиынға зейнеткерлеріміздің дені келе алмады. Бірақ, ол кісілерге де құрмет көрсетіледі. Қиын жағдайға тап болған жандарға көмектесуге әзірміз.

Биыл кәсіпорындағы ардагерлер ұйымының құрылғанына – 15 жыл. Мерейтойға орай бүгін бірнеше қызметкерге Құрмет грамотасы табысталды.

Марапатқа Анатолий Евграфов та ие болды. Азамат өндіріс орнының Пресновка су желісінде 43 жыл бойы еңбек еткен.

АНАТОЛИЙ ЕВГРАФОВ:
– Әскерден келген бетте бірден “Есіл су” филиалына жұмысқа тұрдым. Алғашқы жылдары байланыстырушы болдым, кейін жүргізуші болып қызмет атқардым. Жалпы, 43 жыл бойы бұл өндіріс орнының аяққа нық тұрғанын көрдім. Бұл кәсіпорнында менің жарым мен балам да тер төкті. Қазіргі таңда енді ізімізді қызым жалғап, “Есіл су” филиалында жұмыс істеуде.

Жалпы, өңірімізде “Есіл су” филииалы 60-шы жылдардың басында құрылды. Бұл жерден 345-тен астам адам құрметті еңбек демалысына шыққан. Бүгінгі жиынға сол жандардың 100-ге тартасы қатысты.
Шара соңында зейнеткерлерді облыстық филормонияның әншілері мерекемен құттықтап, шағын концерт ұйымдастырды.

Алдияр Айтпаев