Әр түрлі

Әскери білім беру бағытында екіжақты меморандум жасалды

«Қазіргі заманғы жағдайларда әскери білім беруді жетілдіру: тәжірибе алмасу, шынайылық және перспективалар». Осындай атаумен облыстық кітапханада халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара ҚР ҰҰ академиясы мен Өзбекстанның Қоғамдық қауіпсіздік университетімен ынтымақтастық аясында ұйымдастырылды.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, ҚР ҰҰ академиясы әскери педагогика және психология кафедрасының профессоры:
– Қазақстан мен Өзбекстаннан келген азаматтармен келісім бойынша келешекте әскери дайындау, тәрбиелеу мен әскери жағынан ғалымдарды дайындау жөнінде үлкен іс-шара өтуде. Қазақстанның әскери ғалымдары мен Өзбекстаннан келген ғалымдар қатынасып жатыр. Біздің ҰҰА-сы Петропавлда Тәжікстанға офицерлер дайындайды.

Жиын барысында білім беру технологиялары, арнайы және әскери білім беру жүйелеріндегі ғылыми зерттеулер, кадр даярлау мен біліктілігін арттыру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Ел Президенті ағымдағы жылдың қаңтарында Қорғаныс министрлігінде сөйлеген сөзінде әскери қауіпсіздіктің өзекті қатерлерін ескере отырып, Қарулы Күштердің, әскери құралымдардың құрылымын жаңғырту қажеттігін атап өткен болатын. Сол кезде Қорғаныс министрлігіне әскерлерді қолданудың жаңа әдістерін енгізе отырып, жауынгерлік даярлық бағдарламасын қайта қарауды тапсырды. Осы ретте жергілікті жерде білікті әскери оқытушыларды даярлау мақсатында екіжақты меморандум жасалып отыр.

АҚМАРАЛ СӘРКЕНҚЫЗЫ, ҚР ҰҰ академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы:
– Өзбекстан Республикасымен жасалған меморандумның негізгі мақсаты – жоғары оқу орнымен тәжірибе алмасу, магистратурада білім алу мен халықаралық конференцияларға қатысу. Сонымен қатар, сабақ беру үрдісі мен оқу-әдістемелік жұмыспен танысу. Озық тәжірибені тарату-алмасу өзінің жемісін беретіні анық.

Шара соңында ҰҰ академиясының өкілдері Өзбекстанның Қоғамдық қауіпсіздік университетінің мамандарымен меморандумға қол қойды. Айта кеткен жөн, Петропавлдағы жоғары әскери оқу орны 97-ші жылы құрылған. Осы уақыт ішінде білім ордасынан 4 мыңнан астам түлек түлеп ұшты.

Самал Жунусова

REL POST ID: