Қоғам

«Самұрық-Қазына» қорының өкілдері Петропавлға келді

Бүгін облыс орталығында «Самұрық-Қазына» қорының өкілдері солтүстікқазақстандықтармен кездесу өткізді. Мақсат – халықты IPO тақырыбында ақпараттандыру. Жиынға банк, «Қазпошта», жергілікті қор биржалары мен брокерлік-дилерлік ұйымдардың өкілдері қатысты. Сарапшылар азаматтарды қордың жекешелендіру бағдарламасымен, IPO-ның іске асырылу барысымен таныстырды. Айта кетейік, 2025 жылға дейін «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 8 ірі активі IPO арқылы бәсекелес ортаға ішінара шығарылады. «ҚазМұнайГаз» IPO-сы осы жылға жоспарланған.

ҚАНАТ АБДРАХМАНОВ, «Самұрық-Қазына» АҚ өкілі:
– IPO – бұл жекешелендіру ісіне көпшілік кеңінен қатыса алатын ашық алаң. Инвестор болам деушіге үлкен мүмкіндік. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты ірі ұлттық компаниялар бәсеке ортаға беріледі. Қазақстан Президенті ірі мемлекеттік активтерді жекешелендіруді және бәсеке ортаға беруді Үкіметке жүктеген болатын. Қазір сол жұмыстар жүріп жатыр. «Самұрық – Қазына» қоры аймақтарда халықпен кездесіп, түсіндіруде. Мақсат – жекешелендіру бағдарламасына инвесторларды көптеп тарту.

АЛМАС ЕРЖАН, шараға қатысушы:
– “Шетелдік акциялар, биржалар бар. Сондықтан, біздің қазақстандық биржа неге дамымайды? деген сұрақ туындайды. Бізде ақырындап, аздап дамып жатыр. Соны қолдау керек, маған сол жағы қызық. Халқымыздың арасында осыны насихаттап, халық білсін деген мақсатпен ұйымдастырылып жатыр. Қазақстанның үлкен компаниялардың кішкене шетін халық та ұстап, соның пайдасын көрсін деген ұсыныс.

Самал Жунусова