Қоғам

СҚО-да 100 мыңнан астам зейнеткер тұрады

Қарты бар ел – қазыналы ел. Күз мезгілінің екінші айы Халықаралық қарттар күнімен бастау алады. Атаулы датаға орай өңірімізде бірқатар іс-шара қолға алынады. Солардың ең бастысы – қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы.
Мақсат – жалпы қарияларға, жалғызбасты зейнеткерлер мен мүгедектерге көңіл бөлу, оларға материалдық, әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де көмек түрлерін көрсету.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Халықаралық қарттар күніне біз де өз үлесімізді қосудамыз. Алдымен облыста ұйымдастыру комитеті құрылды. Өңір жетекшісінің бірінші орынбасарының үндеуі таратылды. Осы датаға байланысты қарттар күнінің айлығы жарияланды. Оған байланысты үлкен іс-шаралар қабылданды. Алдымен тәуелсіздік алған жылдары еңбек сіңірген, тәуелсіздіктің тұғырлы болуына өз үлесін қосқан ағаларымызға үлкен рахметімізді айтамыз.

Облыста 100 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың 44 мыңға жуығы Петропавлда тұрады. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжиннің айтуынша, қарт адамдарды алаңдатып отырған мәселелердің бірі – зейнетақының аздығы. Минималды зейнетақы қазіргі уақытта 60 мың теңгені құрайды. Оны өңірде
4 мыңға жуық адам алады.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Статистика бойынша, соңғы айда қала тұрғындары өз қажеттіліктеріне 85 мың теңге жұмсапты. Ал 4 мың адамның зейнетақысы 60 мың теңгені құрайды. Бұл ойланарлық жайт. Сонымен қатар, кей жандардың еңбек өтілі толық емес. Олардың арасында 3800 адам ең төмеңгі деңгейдегі пенсия алады. 3 мыңға жуық тыл еңбеккері бар. Олар ҰОС-ына қатыспаса да соғыс жылдарында еңбек еткен. Соларға да көмек қажет. Оларды да ұмытпауымыз керек.

Жангелді Уақпанұлы қарияларға тек арналйы айлық кезінде ғана емес, қолдау мен құрметті үнемі көрсету қажет дейді.

Самал Жунусова