Қоғам

Шалақындықтар зейнет жасын төмендетуді сұрайды

Өңірге жұмыс сапарымен еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мобильді тобы келді. Елордалық меймандар Сергеевка қаласының тұрғындарына Жолдаудың негізгі бағыттарын түсіндіріп, Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырды. Яғни, қандай заңдарға өзгерістер енгізіліп, азаматтарға қай жағынан жаңаша қолдау көрсетілетіні белгілі болды. Елдімекендіктерге «Отбасының цифрлық картасы» жүйесі жайлы толық ақпарат берілді.

ӘЛІМЖАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
– Отбасының цифрлық картасы – ақпараттық жүйе. 19 млн халық болса, соның ішінде 6 млн отбасының жағдайын 5 шарт бойынша ақпараттық жүйеге енгіземіз. Ол жерде осы жанұялардың қандай мемлекеттік кепіл мен әлеуметтік төлемдерге құқығы бары туралы электрондық жарғыда көрінеді. Екінші шарт бойынша отбасылардан белгіленген төлемді алғысы келе ме, жоқ па екенін сұрастырамыз. Келіссе, төлем жүреді. Арыз жазудың қажеті жоқ.

Жоба қыркүйектің бірі пилоттық режимде қолға алынған. Келешекте осы жүйе арқылы халыққа әлеуметтік төлемдер бойынша толықтай қызмет көрсетілетін болады. Сапарлары барысында астаналықтар тұрғындарымен жеке жүздесіп, сауалдарына құлақ асты. Қабылдауға 4 азамат жазылған. Олар негізінен, декреттік төлем мен жұмыс бойынша көкейтесті сұрақтарын қойды.

ӘЛІМЖАН БЕКМАҒАМБЕТОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбекті қорғау жөніндегі ғылыми-зерттеу институты бас директорының орынбасары:
– «Дипломмен ауылға» бағдарламасы қашанда өзекті. Осы бойынша жергілікті орган тарапынан ұсыныстар да түсті. Сонымен қатар, «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы да әрі қарай жалғасатын болады. Қомақты қаржы белгіленді. 100 мыңдай жас жұмыспен қамтылып, экономикада белсенді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Облыс қонақтары халыққа қызмет көрсету орталығына кіріп, ондағы тұрғындармен де кездесті. Нәзікжандылар әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін көтерді. Мерген ауылының тұратындарын да осы проблема мазалайды.

ЗАЙРА ҚАСЫМОВА, Мерген ауылының тұрғыны, Шал ақын ауданы:
– Жас қосылған сайын ауылда тұратын әйелдердің денсаулығы нашарлай бастайды. Өйткені, үйдің шаруасы өз жағына, одан қалды жұмысымыз бар. Аудандағы дәрігерлер де жөндеп қарамайды. Кабинеттен-кабинетке жүгіртіп, кейде тапсырған анализ нәтижелерін жоғалтып жатады. Облыс орталығына бару туралы айтпай-ақ қояйын. Ол үшін жолдама алып, ұзын-сонар кезекке тұру керек. Денсаулығымызды күтіп, қаралайық десек жұмыстан да жібере бермейді.

Сол үшін тым болмаса зейнетке шығу жасын 60-қа дейін төмендетсе екен дейді.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Қазір 61 жасқа дейін деп 5 жылға тоқтатып тұр. Бұл жайдан жай емес. Бұл кісілер бар мәселені министрлікке жеткізеді.

Жалпы, шалақындықтар қазіргі өзекті мәселелерді атап шықты. Келген мобильді топ өкілдері сауалдар тиісті министрлікке жеткізілетінін айтып, тұрғындардың атын-жөндерін түртіп алды.

ШЫҢҒЫСБЕК СҰЛТАНБЕКОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі:
– Жастар несие беру туралы сұрастырды. Біз барынша жауап беруге тырыстық. Қалғандарына бағдарламаны ұйымдастырған орталық министрлікке жеткізіп, міндетті түрде сұрақтарына жазбаша жауап береміз.

Шал ақын ауданынан кейін елордалық меймандар Тимирязев ауданына барды. Жалпы, азаматтар біздің облыста 3 күн болады. Ендігі кезекте Аққайың, Уәлиханов аудандарына барып осы жұмыстарын жалғастыруды жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова