Сапалы және қолжетімді бағамен! Облыс орталығында Беларусь фабрикаларында тігілген аяқ киімдердің жәрмеңкесі өтуде. Жұртшылық назарына мыңға тарта тауар түрі ұсынылып отыр. Мұнда келген кез келген жан талғамынан шығатын, түрлі түсті, ұзынды-қысқалы аяқ киім табады. Тауардың барлығы сапалы материалдан тігілген әрі әрқайсысы ыңғайлы етіп әзірленген. Бұл жәрменкенің басты ерекшелігі – шетелдік өнімдердің барлығы ортопедиялық болып саналады. Зейнет жасындағы Надежда Давыдова қазіргі таңда аяқ киімнің түр-түсіне де, оның стиліне де мән бермейді. “Ең бастысы, ыңғалы болса болды”, – дейді 68 жастағы қала тұрғыны.
НАДЕЖДА ДАВЫДОВА, қала тұрғыны:
– Мынау етік маған қатты ұнады. Өте ыңғайлы әрі жеңіл. Қараңыздар, бұл аяқ киімді киіп-шешу ыңғайлы. Дәл менің жасымдағы жандарға арналған. Бағасы да қалта қақпайды. Қаламыздағы дүкен сөрелерінде мұндай баға жоқтың қасы.
Шекара асып Петропавлға дейін келген сатушылардың айтуынша, табаны жалпақтау келген және бақай сүйегі шығыңқы жандар да өздеріне ыңғайлы аяқ киім ала алады. Шетелдік өнімдер зейнеткерлер арасында жоғары сұранысқа ие.
ЕВГЕНИЙ КАЛАЦЕВ, сату жөніндегі менеджер:
– Біз жәрмеңкеде ерлер мен әйелдерге арналған сапалы өнімдерді ұсынып отырмыз. Нәзікжандыларға арналған етіктердің бағасы 11 мың, ал ер азаматтардыкі 18 мың теңгеден басталады. Әйелдер үшін өлшемдер 35-тен 46-ға дейін, ал ерлердікі 40-тан 49-ға дейін. Барлығы 700 жұп койылған.
Мұндай жәрмеңке бүгінге дейін еліміздің 9 қаласында ұйымдастырылыпты. Менеджердің сөзінше, әр қалада 500 жұп аяқ-киім сатылған. Петропавлдағы көрме жексенбі күнге дейін жұмыс істемек. Тұрғындар қажетті тауарды Ш.Уәлиханов көшесі, 15А мекен жайы бойынша орналасқан нысаннан таба алады. Жәрмеңке таңғы 10-нан кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді.
Алдияр Айтпаев