ТЖ

Мектептегі оқу-жаттығу жиыны

Петропавлдағы білім ұяларының бірінде өрт шықты. Тілсіз жау Ә.Бөкейханов атындағы №25 орта мектепте бас көтерді.

Оқиға түскі 3 шамасында орын алды. Тілсіз жаудың бас көтергендігін көрген мекеме мамандары құтқарушыларға хабар беріп, балаларды өз беттерінше эвакуациялауға кіріскен. Ал өрт сөндірушілер оқиға орнына келе сала іште қалған ұл-қыздарды шығаруға кірісті.

Мамандар іште қалған 10-ға тарта жанды эвакуациялады. Белгілі болғандай, бұл – облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен мектеп басшылығы арасындағы келісім. Мекемеден ешқандай өрт шықпаған, өрт сөндірушілер тек өздерінің және мектеп қызметкерлері мен оқушылардың дайындығын тексеріпті. Яғни, бұл – кезекті өрт-тактикалық оқу-жаттығу. Одан білім ұясындағы ұстаздар мен балалар хабарсыз болған.

ОЛЖАС ЖҮНІС, СҚО ТЖД КҚ ЖБО бастығы:
– Бүгінгі шараға қалалық бөлімдердің 54 өрт сөндірушісі мен 8 бірлік техника жұмылдырылды. Жұмыс жоғары деңгейде орындалды. Нысанның қызметкерлері біз жеткенше алғашқы жұмыстарды тыңғылықты орындап, балаларды мекемеден шығарған.

Құтқарушылар ұйымдастырған кезекті өрт-тактикалық оқу-жаттығу жиынын өткізуге 30 минут уақыт кеткен. Бұл уақыт аралығында мамандар тиісті шаруаны тыңғылықты орындады. Жалпы, 25-ші мектеп өртке қарсы барлық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілген. Тиісті талаптар толығымен сақталған.

ЖАДЫРА ЗҰЛҚАРНАЕВА, Ә.Бөкейханов атындағы №25 орта мектебі директорының орынбасары:
– Бізде әр кабинетте өрт сөндіруге қажетті өрт сөндіргіш пен құралдар бар. Сонымен қатар, әр қабатта өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керектігі сызылған кесте бар. Оның барлығымен оқушылар мен ұстаздар жақсы таныс. Әр бөлмеде алғашқы медициналық көмекке қажетті заттар қойылған. Нысан 3 блоктан тұрады. Әр блоктан далаға шығатын 2 есіктен бар.

Мектептің көлемі үлкен. Кабинеттер де көп. Соған байланысты оқыс оқиға орын алған жағдайда мұндай нысанда адам іздестіру мен эвакуациялау қиындай түсуі мүмкін. Осы ретте оқу-жаттығу жиынын өткізу аса маңызды болып саналады.

Алдияр Айтпаев