Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев халық алдындағы алғашқы есептік кездесуін өткізді. Жиын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ұйымдастырылды. Келушілердің дені – зейнеткерлер. Ол түсінікті. Сәрсенбі күні орта буын өкілдерінің басым бөлігі жұмыста. Жетпісті желкелеген Қайрат Файзулиннің әкімге қояр сұрағы жоқ. Шаһар тұрғыны тек атқамінердің баяндамасын тыңдауға келіпті. Ағамыздың қалада атқарылып жатқан шаруаға көңілі толады.
ҚАЙРАТ ФАЙЗУЛИН, қала тұрғыны:
– Соңғы жылдары көпқабатты үйлердің маңында көп жұмыс істеліп жатыр. Асфальт төсеп жатыр. Балалар алаңқайлары пайда болуда. Көңіл толады. Өзім таңертең шығып, гимнастика жасаймын.
Бірақ, Қайрат Файзулинді алаңдататын мәселе жоқ емес, бар. Қала тұрғыны Қызылжардың ішінде шашылып жатқан қоқыстарға қапалы.
ҚАЙРАТ ФАЙЗУЛИН, қала тұрғыны:
– Қала әлі таза емес. Тұрғындар өздері кінәлі. Пакеттерді жәшіктерге апармайды. Апарғанның өзінде жәшікке емес, қасына тастайды.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– “Мы и сделаем город чище. Есть хорошая пословица: “Чисто не там метут, а там где не сорят”.
Руслан Аңбаев дәл осы мәселеге есептік кездесуінде тоқталды. Сөзінше, кейбір петропавлдықтар қызмет көрсетуші ұйымдармен келісімшарт жасасқысы келмейді. Олар ақша төлегенше, үйіндегі қоқысты көшеге тастағанды құп көреді. Сонда тариф – бар-жоғы 234 теңге. Баға соңғы 5 жылда өзгермеген. Жақын арада да өзгермейді. Мұны қала әкімі баса айтты.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Бізде 22 мыңға тарта абонент қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша келісімшарт жасаспаған. Мен “Береке” ықшам ауданындағы жеке тұрғын үйлерді аралап, адамдармен кездесуді жоспарлап отырмын. Тұрғындар, ортақ құжатқа қол қою қажетсіздер! Коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдарға, олардың жұмысына құрметпен қараған жөн.
Әкім қаланың көркіне пысқыра қарайтын тұрғындардың қарызын да жария етті. Бүгінде петропавлдықтар жауапты ұйымдарға бақандай 28 млн теңге берешек екен. Саладан алыстамаймыз. Осы күні облыс орталығында “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту” бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жобаның арқасында биыл шаһардағы 19 көпқабатты баспана қалыпқа келмек. Басым бөлігінің төбесі ауыстырылады.
РУСЛАН АҢБАЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Мен сіздерге өтінішпен жүгінгім келеді. Үйде жаңғырту жұмысын жүргізу үшін әр тұрғынның пікірін білген дұрыс. Сондықтан, белсенділік танытқан жөн. Бұған дейін үй иелерімен кездесіп, жүзеге асырылатын жобаның басы-қасында тұрғындардың жүруі қажеттігін айттым. Тіпті, жұмысты да сол баспананың адамдары қабылдауы керек. Сіздер қабылдамасаңыздар, мен 1 теңге де бөлмеймін.
Жол құрылысы – ел талқысындағы мәселе. Қалалықтар мен шаһар қонақтары Жұмабаев көшесінің ашылғанын асыға күтіп жатыр. Қуанышымызға орай, жақында ашылады. Руслан Аңбаев қазан айында көлік қозғалысы жанданатын айтты. Бірақ, келесі жылы қайта жабылмақ. Көшеге асфальт төселетін болады. Есептік кездесу соңында әкім тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.
Байболат Култанов