Қоғам

Вагулино ауылын дамытуға қыруар қаражат бағытталуда

Бұл – Қызылжар ауданындағы Вагулино ауылы. Соңғы жылдары аталған елді мекеннің бойына қан жүгірді. 2020-2021 жылдары селоға таза ауызсу тартылған. Қазіргі таңда тіршілік көзі ауылдағы үйлердің 70 пайызына кіргізілген. Ағымдағы жылы атқарылған шаруа да ауқымды. Биыл ауылдың кіреберіс жолы жөнделді. Оған 38 млн теңге бағытталыпты. Сондай-ақ, көшелер мен футбол алаңқайы жарықтандырылған екен. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ескерткіші мен аллеясы жаңғыртудан өткен.

ИРИНА ШИШКИНА, Вагулино ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:
– Біз “Біздің ауыл” жобасына қатысып жатырмыз. Бұл жоба негізінде ауылдың орталық көшелерінің қоршауларын бірдей етіп сырладық, ою-өрнекпен безендірдік. Қажетті қаражат пен тиісті көмек “СК Вагулинская” серіктестігі тарапынан берілуде.

Келешегі кемелденіп келе жатқан ауылда Валентина Яковлева 80 жылдан бері тұрады. Өңірдің құрметті ардагері өзі туып-өскен елді мекеннің тарихын, бүгіні мен бұрынғы көрінісін жақсы біледі.

ВАЛЕНТИНА ЯКОВЛЕВА, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Сонау 50-ші жылдар да есімде. Ол кезде ауыл өзінше бір ерекше болды. Бірақ, бүгінгі күнге дейін ауылымыз аяққа нық тұрып, көркейді. Қазір көшелердің тазалығы мен әдемілігіне қараса көзің тояды. Ауылды дамытуға әр тұрғынның титтей болсын пайдасы тиді.

600-ден астам тұрғыны бар Вагулиноға ауылішілік жол салу жоспарланып отыр. Жобаның құжаттамасы дайын. Бұл іске де “СК Вагулинская” серіктестігі қолдау көрсетіп жатыр. Жалпы, жергілікті агроқұрылым басшылығы биыл Кустовое елді мекенінің кіреберіс жолын жаңғыртуға 63 млн теңге бағыттаған екен.

Алдияр Айтпаев