Мәдениет

Мұхтар Әуезовтің дүниеге келгеніне – 125 жыл

Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толып отыр. Осыған орай Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында «Ұлттың ұлы жазушысы» атты әдеби кеш ұйымдастырылды. Шараны Ақан сері атындағы облыстық филармонияның әншісі Жанат Айтпаев қасиетті қара домбырамен ашты.

Жазира Көкбас Қозыбаев университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Жазушының әрбір туындысы жастарға тәлім-тәрбие береді дейді педагог. Осы ретте бүгінгі жиын барысында университеттің аға оқытушысы Абай мен М.Әуезовтің шығармашылығын салыстыра отырып қарастырады.

ЖАЗИРА КӨКБАС, Қозыбаев университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы:
– Баяндамам «Абай мен Мұхтар Әуезовтің арасындағы үндестік пен үйлесімділік» деп аталады. Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай айтады: “Әуезовті айтсақ Абайды, Абайды айтсақ Әуезовті бір-бірінен бөліп қарауымыз мүмкін емес дейді”. Сондықтан, осы екі тұлғаның шығармашылығындағы екі байланысты айтамын.

Мұхтар Әуезов саналы ғұмырының тең жартысын Абай жолын жазуға арнаған.

ЖАЗИРА КӨКБАС, Қозыбаев университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы:
– “Абай жолы” романын жазуға дейін зерттеу еңбегінде Абайдың шығармашылығымен танысқан, Абайдың өлеңдерін жаттаған. Абайға келу жолында атасы Әуезден көптеген әңгімелер естіген. Абайдың әйелдерінен Әйгерім, Ділдәдан бүкіл болмысы туралы зерттеген.

Бірі білсе, бірі білмес, қаламгер шығармашылық жолын 1917 жылы «Еңлік-Кебек» атты пьесаны жазудан бастаған. Сонымен қатар, «Абай жолы» атты төрт томдық романы оның әлемдік деңгейде танылуына зор септігін тигізді. Бұл шығарма көптеген тілге аударылып, «Әлем әдебиеті кітапханасына» енген болатын.

АЙНАГҮЛ СЕКРЕНОВА, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасын бөлім жетекшісі:
– “Абай жолы” эпопеясын жазу арқылы қазақ деген ұлтты, жалпы түркі халқын әлемге әйгілі етті. Семей өлкесіндегі экспедицияға қатысып, әдебиет тарихы деген монография жазған. Одан кейін Жүсіпбек Аймауытовпен бірлесіп жазған шығармалары да бар.

Кеш соңында жиылған қауым көрмеге қойылған кітаптармен танысты.

Гульден Симбаева