БілімҚұрылыс

Құмар Ақсақалов: мақсат – өңірде 6 мектеп ашу

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша қаласында салынып жатқан мектептің құрылысымен танысты. 600 орынға шақталған бұл нысан заманауи стандарттарға толық жауап бермек. Кең дәліз, жарық кабинеттер, ыңғайлы асхана мен спорт залы. 3 қабатты білім ұясында тіпті, жеделсаты да болмақ.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Білім саласында талаптар күшейтіліп жатыр. Қазір қалада салынатын мектепте лифт болады. Мұндай жоба ауылдарда да жүзеге асырылуда. Бұл қала мен ауылдағы білім нысандарының тең екендігін көрсетеді.

Осы орайда айта кетейік, құрылысы жүріп жатқан нысан Петропавлдың “Береке” және “Жас өркен” ықшам аудандарында тұрғызылған білім ұяларымен бірдей болмақ. Біреу білсе, біреу білмес, архитектурасы қайталанатын ғимарат апаттық деп танылған мектептің орнына салынуда. Бұл үрдісті жалғастыру қажет. Себебін Құмар Ақсақалов тілге тиек етті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Оқушылардың саны артқанын көріп отырмыз. Мысалы, биыл балалардың саны былтырғыдан көп. Бұл тенденция жалғасады деген зор сенімдеміз.

Әңгіме барысында облыс әкімі жоспармен де бөлісті. Мақсат – өңірде 6 мектеп ашу. Оның біреуінің құрылысы қазір дәл осы Тайынша ауданындағы Вишневка ауылында жүргізілуде. Осы қарқыннан таймасақ, жақын болашақта аймақта апаттық деп танылған оқу ошақтары қалмайды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– 1 ғана мектеп қалып отыр. Ол да Тайынша ауданында орналасқан. Оның құрылысын келесі жылы бастауға тырысамыз.

Мердігер Тайыншадағы мектептің құрылысын келесі қыркүйекке дейін аяқтамақ. Аймақ басшысы ауданның жаңа әкіміне нысанның маңын абаттандыруды, спорттық жабдықтар қоюды және оларды халық үшін қолжетімді қылуды тапсырды. Бұдан соң Құмар Ақсақалов Қарағаш ауылына ат басын бұрды. Мұнда “Астық STEM” серіктестігінің басшысы Сергей Звольский 400 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасын тұрғызып жатыр.

СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астық STEM” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
– Жобаның бірінші кезеңінде 400 басқа ферма тұрғызылса, екінші кезеңінде 150 басқа салынады. Біз мұнымен тоқтап қалғымыз келмейді. Болашақта Тайыншаның маңында осындай нысан ашуды көздеп отырмыз.

400 басқа шақталған тауарлы-сүт фермасының құрылысы желтоқсанда аяқталып, Қарағаш ауылына сырттан мал әкелінбек. “Астық STEM” серіктестігі өсімдік шаруашылығын мықтап қолға алған. Былтыр 13 мың тонна картоп жинап, жан-жаққа саудалапты. Биыл да өнім мол. Агроқұрылым қызметкерлері 1 гектардан 57 тонна азық түлік түрін жинауда. Серіктестік жоғары нәтижеге Татьяна Штумф есімді технологтың арқасында қолжеткізіп отыр. Оның еңбегін диқан атап өтті.

Картоптан бөлек, сәбіз де бар. Көкөністің бір бөлігін облыстық тұрақтандыру қоры сатып алмақ. Алғашқысының келісі 105 теңге тұрады. Қарағашта аймақ басшысы тұрғындармен де кездесті. Көтерілген мәселенің бірі – жол. Халық ауылға дейінді трассаның тезірек жөнделгенін қалайды. Қайта қалыпқа келтіру жұмыстары басталыпты. Құмар Ақсақалов проблема аяқсыз қалмайтынын айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Биыл бітіріп тастауға болар еді. Битум болмады. Бірақ, Үкіметтен қаржы қарастырылған. Шаруа міндетті түрде аяқталады. Ауылға дейін жақсы жол болады. Жұмысты келесі жылы бітіріп қаламыз.

Жүздесуде тұрғындар “Астық STEM” серіктестігінің басшысына алғыс та білдірді. Олар диқанның үнемі көмек қолын созатынын айтады.

ГҮЛНӘР ҒАБДУЛЛИНА, Қарағаш орта мектебінің директоры, Тайынша ауданы:
– “Астық STEM” серіктестігі мектепке көп көмек көрсетеді. Былтыр мектебіміз күрделі жөндеу көрді. Соның жобалық-сметалық құжатына кеткен шығынды агроқұрылым өтеді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Шаруашылық басшылары көмектесу керек. Бұл – олардың міндеті. Халыққа көмектессе, халық та солай жауап береді.

Әңгіме барысында облыс әкімі барлық серіктестік басшысы халыққа жақын болуы қажеттігін айтты. Бірлік бар жерде тірлік бар!

Байболат Култанов