Қоғам

СҚО-да 5 мыңнан астам адам 2020 жылғы мүлік салығын әлі төлемеген

Мүлік салығын төлеу мерзімі 5 күннен кейін аяқталады. Ал уақытылы төлемеген жағдайда 1,25 пайыз мөлшерінде күнделікті өсімпұл қосылып отырады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде айтылды.

СҰҢҒАТ ҚОСПАЕВ, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы:
– Қарыздары барларға 2-ші қазаннан бастап хабарлама келіп түседі. Ал салық берешегі 1 АЕК-ті құраған жағдайда 30 күннен кейін салықты мәжбүрлеп алу туралы бұйрық жіберіледі.

Мүлік салығы мүлдем төленбеген жағдайда қарызды өндіріп алу бойынша іс жеке сот орындаушыларына жолданады. Қарыз кемінде 40 АЕК-ті құраса, борышкерге қатысты бірнеше тыйым салу шарасы қолданылады.

БЕРІК АЗЫҚАНОВ, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің жетекші маманы:
– ҚР тыс жерге шығуға шектеу қойылады, салық төлеушінің мүлкіне тыйым салу, банк шоттары бойынша операциялар тоқтатылады. Бұл ретте борышкер салықтар бойынша берешегін төлегеннен кейін өндіріп алынған соманың 25 пайызын жеке сот орындаушыға төлеуі қажет.

Айта кеткен жөн, 2020 жылғы мүлік салығын 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық төлемеген. Бұл – шамамен 11 млн теңге.

Самал Жунусова