Әр түрлі

Өңірдегі қонақ үйлерде тұрып жатқандардың тең жартысы – ресейліктер

Ресейден келген үлкен көш дүрбелең туғызды. Қазір солтүстіктегі көршімізден азаматтар жаппай кетіп жатыр. Оған себеп – мобилизация. Бұл жайтқа қатысты қазір ел ішінде алып-қашпа әңгімелер көбейді. Халық аузында баспананың қымбатшылығы мен жоқтығы қызу талқыда. Мұның рас-өтірігін БАҚ өкілдері алдында облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Садықов айтты.

НҰРЖАН САДЫҚОВ, СҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
– Петропавлда 850 орынға шақталған 24 қонақ үй бар. Қазіргі таңда олар лық толы. Орындардың жартысын ресейлік азаматтар жалдап тұруда. Сондай-ақ, облыс орталығында 20 пәтер жалдауға болатын бюро бар. Оларда да орын жоқ. Қыркүйектің 21-інен пәтер жалдау ақысы 20% қымбаттады. Тағы бір ескерер жайт, такси қызметі мен қоғамдық тамақтану бағасы сол қалпында.

Елді дүрліктірген тағы бір қауесет денсаулық сақтауға қатысты. Қоғамда көрші елден келген жандарға медициналық мекемелерден коронавирусқа шалдыққандарға арналып 2 мың төсек-орын әзірленген деген алып-қашпа әңгіме шыққан. Мәлім болғандай, бұл ақпарат жалған.

НҰРЖАН ТАҒАНИЯЗОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының уақытша міндетін атқарушы:
– 21-ші қыркүйектен қабылдау бөлімдеріне 30-ға тарта ресейлік азамат жүгінген. Оларға тиісті медициналық көмек көрсетілді. Жедел бір жағдайлар болса көмек алдағы уақытта да көрсетіледі.

Қазіргі таңда өңір еріктілерінің де жұмысы қызған. Волонтерлер ресейлік азаматтармен тілдесіп, жан баққан жандарды ыстық шаймен, бауырсақпен тамақтандыруда.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, СҚО еріктілер фронт-офисінің жетекшісі:
– Темір жол вокзалының үшінші қабатына көтеріліп көрдім. Адамға лық толы. Кейбірі сол жерді 1-2 күн, енді бірі 4-ші күн паналап жатыр. Оған себеп – жалдамалы пәтерлердің жоқтығы мен қымбаттауы. Қазіргі таңда біз азаматтарға тұрғынжай іздестіру мен өзге де бағыттарда көмек берудеміз.

Алдағы уақытта еріктілер call орталықтарын ашуды жоспарлап отыр.

Алдияр Айтпаев