Білім

Қозыбаев университетінде халықаралық конференция өтті

«Тұрақты ауыл шаруашылығы және цифрланған трансформация жағдайында білім беру». Осындай атаумен Қозыбаев университетінде халықаралық конференция ұйымдастырылды. Жиынға Ресей, Германия елдерінің ауыл шаруашылығы саласының мамандары келді. Бүгінгі іс-шараға Logo е.V қауымдастығының Халықаралық қызмет жөніндегі қызметкері Нуриддин Тоиров те қатысты. Ол жиын барысында Қазақстанда аграрлық неміс білімінің дуалды жүйесін енгізу жайлы сөз қозғамақ.

НУРИДДИН ТОИРОВ, Logo e.V. қауымдастығының халықаралық қызмет жөніндегі қызметкері, ГФР:
– Жиын барысында Германия елінің дуалды білім беру жүйесін таныстырамын. Бұл жобаның аясында студенттер колледжбен қатар жоғарғы оқу орнының дипломына да ие болады. Осы ретте германиялық мамандар қазіргі уақытта Астана мен Петропавл қалаларының студенттерімен жұмыс істеп жатыр.

Қазіргі таңда «Logo» бағдарламасы арқылы Германия елінде 30-ға жуық қазақстандық студент тәжірибеден өтіп жатыр. Олар органикалық ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы сияқты 17 бағытта білімдерін жетілдіреді.
Жастар 6 ай көлемінде өзге елдің тәжірибесінің қыр-сырын танып, сол алған білімді елімізде қолдануы қажет. Қазіргі таңда Германияда “Logo” бағдарламасы бойынша 12 петропавлдық оқып жатыр.

ФАРИЗА МҰҚАНОВА, Қозыбаев университеті агрономия және орман шаруашылығы кафедрасының меңгерушісі:
– “Logo” бағдарламасымен 10 жылдың көлеміндей жұмыс жасаймыз. Студенттер өндірістік тәжірибеден өтеді, инновациялық технологияларды меңгереді, алған білімдерін ары қарай семинарлар арқылы толық жетілдіреді. Сол алған білімдерін елімізде қолданады.

Іс-шара 3 күнге созылмақ. Соңғы 10 жылдың ішінде “Logo” бағдарламасы бойынша 50-ге жуық солтүстікқазақстандық білім алған.

Гульден Симбаева