Білім

Жас мұғалімдердің форумы

«Жаңа Қазақстан: жас педагогтардың рөлі». Осындай атаумен облыс орталығында І халықаралық мұғалімдер форумы өтті. Шара ауқымы кең. Жиын барысында білім беру әдістері мен білім сапасы жайлы айтылды.

НӘЗіР ЖӘШІБЕКОВ, облыстық білім басқармасының басшысы:
– Осы форумның алдында «Жас маман – жаңа қадам» атты дебют өткізген болатынбыз. Бұл шарада жас мұғалімдер білімдері мен тәжірибелерін көрсетті. Бұндай конкурстар мен форумдар енді жыл сайын өткізілетін болады. Әрине, жастарды қолдау мақсатында жиындар өткізіп отырамыз.

Форумға теріскей өңірі мен өзге облыстардан 300 педагог қатысты. Солардың бірі – Аңсаған Қуанышева. Жас маман – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Ерекше қажеттілігі бар 2 балаға сабақ береді. Осы ретте инклюзивті білім беру сапасы жайында жоба жазған.

АҢСАҒАН ҚУАНЫШЕВА, Смирнов №1 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Аққайың ауданы:
– Инклюзивті оқушылар туралы жоба қорғаған болатынмын. Жобамның мақсаты – инклюзивті оқушыларды қазіргі уақытта барлық оқушылармен тең дәрежеде оқытып, сабаққа деген ынталарын ашу. Жобамдағы мақсатыма жеттім деп ойлаймын.

Форумда оқыту технологияларын интеграциялау модельдері, “альфа” ұрпақты оқыту тәсілдері, тәлімгерлік пен кәсіби даму – осы және өзге де өзекті тақырыптар талқыланды.

РОЗА СӘРКЕНОВА, білім беру саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығының директоры:
– Бұл форумда “альфа”, яғни 2010 жылдан кейін туған балаларды тәрбиелеу жайлы айтамыз. Бұл ретте біз жас мұғалімдерге үміт артып отырмыз. Себебі, олар өскелең ұрпаққа жақын болып келеді. Ұл-қыздарды түсінеді, тез тіл табысады. Осының нәтижесінде балаларды бәсекеге қабілетті ете алады.

Жалпы, бүгінде облыста 3 мыңға жуық мұғалім қызмет етеді. Оның 260-ы – жас маман.

Гульден Симбаева