ТКШҚоғам

Қоқыс мәселесі

Тағы да бітпейтін қоқыс мәселесі. Бұл жолы Бостандық көшесі, 27 мекенжайында тұратын тұрғындардың шағымдарын тыңдап қайттық. Татьяна Мартынюктың айтуынша, үйлерінің қасындағы қоқыс тастайтын жер әбден ластанған. Мұнда 7 үй, дәмханалар мен дүкендерден шыққан қалдықтар лақтырылады. Кесілген ағаштар мен қолданыстан шыққан жиһаздарды да осында тастайды екен. Кейбірі пакеттерін контейнерге емес, сыртқа қалдыра салатын көрінеді.

ТАТЬЯНА МАРТЫНЮК, қала тұрғыны:
– Адамдар бұл жердің былығып жатқанын көріп, одан сайын шаша береді. Қоқыс контейнерлерінің айналасы таза болса, тұрғындар да қалдықтарын жәшіктің ішіне тастар еді. Негізі, бұл алаңнын бізге қатысы жоқ. Бізге “Мюль-Сервис” қызмет көрсетеді. Серіктестік жұмысшылары әрдайым контейнерлердің маңайын сыпырып, тап-тұйнақтай етіп кетеді. «КоммунСевер» осылардан үлгі алса екен дейміз. Өздеріне бірнеше рет хабарласып, мәселені біржақты етулерін сұрадым, нәтиже жоқ.

Бей-берекет шашылған ірі заттарды жинап отыруға тарифтен бөлек, 10 мың теңге төлеу керек екен. Әрине, бұдан тұрғындар жалтарады. Жағдай әсіресе жаз бен көктем мезгілдерінде ушығатын көрінеді. Қолқаны қабатын иіс тарап, жаңбыр жауса, айнала езіледі. Осының салдарынан тұрғындар балаларын ойын алаңдарына да шығара алмайды. Ал көрші үйде тұратын Мария Романенко ауласын өзі жинап, шашылған жапырақтарды контейнерге тастайды.

МАРИЯ РОМАНЕНКО, қала тұрғыны:
– Серіктестік қызметкерлері келіп контейнерді босатып кетеді. Алайда, жан-жағына шашылғандарды жинамайды. Оны өздерің шығаруларың керек деді. Біз 3 рет жиналып, газель шақырттық. Бізге бұл тиімсіз.

Петропавлдың қақ ортасындағы жағдай туралы «КоммунСервис» серіктестігінен сұрадық. Ақыр аяғында бәрі тарифке келіп тіреліп отыр.


МҰРАТ ЕСМҰХАНОВ, “КоммунСевер” ЖШС директоры:
– Қазіргі тарифпен біз көліктерді де жөндей алмай отырмыз. Қоқыс шығаратын қызметкерлер де аз. Тариф көтерілмейінше, қала лайықты деңгейде тазармайтынын айтқым келеді. Қазір қызмет құны жан басына шаққанда 220 теңгені құрап отыр. Тарифті көтеру мәселесін 3 жыл бойы қозғап келеміз. Біз де айналаны таза ұстап, жұмысымды дұрыс атқарғымыз келеді, алайда қалтамыз көтермейді.

Айта кетсек, бүгінде Петропавлда тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын 4 кәсіпорын бар.

Алтынай Казиканова