Мәдениет

Ғұмырының тең жартысын оқу-ағарту саласына арнаған Қайролла Мұқанов

Мәдениет қайраткері Қайролла Мұқановтың туғанына – 90 жыл. Торқалы тойға орай бүгін Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада жиын өтті. Конференцияға зиялы қауым өкілдері мен өлкетанушының жақындары жиылды. Жерлесіміз саналы ғұмырының тең жартысын оқу-ағарту саласына арнаған. Жары Күлзағи Мұқановамен 3 қыз, 1 ұл сүйіп, құтты орындарына қондырған. Қыздары әке жолын жалғапты. Сара Мұқанова – тарих пәнінің мұғалімі.

САРА МҰҚАНОВА, Қайролла Мұқановтың қызы:
– Санап отырсақ, әкеміз 80 жыл бойы еңбек етіпті. 8-9 жасында колхозда жұмыс істей бастаған. Кітап оқуға, ізденіске құмар еді. Таршылық пен тапшылықты көріп жүріп кітап оқыған. Кәкімбек Салықов, Аманжол Қошанов сынды жолдастары “Стипендия алғанда біз киноға барсақ, Қайролла кітап оқитын” деп айтатын.

Қиын-қыстау шақта Қайролла Мұқанов Алматыдағы ҚазГУ-ды бітіріпті. Қара шаңырақтан түлеп ұшқан жаста оңтүстік астанада қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік болған. Алайда, азамат өзінің кіндік қаны тамған Ынтымақ ауылына оралып, шәкірт тәрбилеуді құп көрген екен. Ұстаз мектеп
директоры, кейін басқармада қызмет етіпті. Жалпы, жерлесіміз оқу-ағарту саласына өзінің 44 жылын арнапты. Қайролла Мұқанов мұғалім ғана емес, тарихшы, өлкетанушы, жазушы. Оның еңбектері кітапхананың кіреберісіндегі көрмеге қойылған. Құнды материалдар Тимирязев ауданынан әкелініпті.

КҮЛБАЙРА СЫЗДЫҚОВА, Дмитриевка селосының кітапханашысы, Тимирязев ауданы:
– Саналы ғұмырын оқу-ағарту саласына арнаған. Артына өшпес мұра қалдырған. Біздің біртуар перзенттеріміз туралы жазған. Мағжан Жұмабаевтың бір өзіне 200-ге тарта шығармасын арнаған. Сонымен қатар, шежірелер жазды. “Ұмсын сұлу” деген кітабы бар. Сонымен қатар, Мағжан Жұмабаев, Абылай Рамазановқа арналған “Алаш қызметкері” деген кітабы бар. “Мағжанның ізімен” деген кітабы қойылған. Ынтымақ, Жалтыр ауылының шежірелері бар.

Айта кетейік, Қайролла Мұқанов осыдан 2 жыл бұрын дүние салған. Көзі тірі болса ақсақал қыркүйектің 26-сы күні 90 жасқа толар еді.

Алдияр Айтпаев