Әр түрлі

Өңірге қоныс аударған отбасы картоп өсіріп, кәсіптерін дамытуда

Жамбыл ауданы Мирное ауылының тұрғыны Фарух Халбеков солтүстікке Түркістан облысынан көшіп келген. Бағбаншылыққа бала күнінен жаны құмар азамат өзінің сүйікті ісін теріскейде де қолға алды. Яғни, көктемде келе сала 24 гектар аумаққа картоп, қырыққабат, сәбіз еккен. Қазір жаз бойы күтіп-баптаған көкөністері пісіп-жетіліп, мол өнім алып жатыр.

ФАРУХ ХАЛБЕКОВ, Мирное ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Солтүстікте жер көп. Картоп жақсы шығады. Сол үшін осында қоныс аудардық.  Әкімдік бізге жер берді, земельныйға бардық. Осы жерді көрсетіп, берді. Картоп егуді майдың 2-сі бастап, аяғында аяқтадық. Қазуды қыркүйекте бастадық.

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– 15 гектар аумақта Ресейден әкелініп, егілген картоп тұқымдары жақсы шыққан. Гектарына 35 тоннаға дейін өнім беруде. Қыркүйектің 8-інен бері 22 тоннасы алынып, Шымкентке жіберіліпті.

Жуырда ғана қоныс аударған Фарух Халбеков біздің жақтың базарларын әлі дұрыс білмейді. Сол үшін қазылған картопты үйренген Шымкенттегі сауда орындарына жіберіп, сатуда. Дегенмен, келесі жылы көкөністерді Астана, Петропавл мен Қостанайға апару ойда бар. Жалпы, алқапта күні бойы 20 адам еңбек етеді. Соның 10-ы Фарух Халбековтың Шымкенттен келген туыстары екен. Қалғандары көрші Пресновка және Майбалық ауылдарынан тартылыпты.

КЕҢЕСБАЙ НҰРҒАЛИЕВ, Майбалық ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Сағат 9-дан 7-ге дейін жұмыс істейміз. Біреудің еңбегін еш қылмай, жаңбырға тигізбей тезірек жинап алу керек. Күніне 4 мың теңгеден, 30 күн жұмыс істеп 120 мың ақша аламын.  Күйеу балам жұмыс бар екенін ватсаптан біліп, осында шақырды. Бір фураны 3 күнде артып бердік.

Әзірге тек картоп қазылып жатыр, алдағы уақытта сәбіз бен қырыққабат алынбақ. Еңбегінің жемісін көріп отырған азамат ендігі жылы қосымша жер сұрап, 80 гектар аумаққа өнім егуді жоспарлап отыр. Сөзіне қарағанда, солтүстік өлке өздерін құшақ жайып қарсы алған.

ФАРУХ ХАЛБЕКОВ, Мирное ауылының тұрғыны, Жамбыл ауданы:
– Бізге подъемный мен үйге ақша берді. Баспаналы болдық. Жақсы жағдай жасап жатыр. Тағы 2-3 жанұя осында келіп, осында жұмыс істегілері келіп жатыр.

Фарух Халбеков ісін дамыту үшін «Бастау Бизнестің» оқыту курстарынан өткен. Енді қайтарымсыз гранттың бөлінгенін күтіп жүр. Әйелі де сертификатқа өтініш беріпті. Қосып өтсек, 6 жыл ішінде Жамбыл ауданына “Еңбек” бағдарламасы аясында 200-ден астам отбасы қоныс аударған. Келушілердің ішінде мұғалім, механизатор, аспаздар бар.

АЯН АЖАНОВ, Жамбыл аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:
– Мамандығы бойынша жұмысқа орналастыра алмаған жағдайда оларға қайтарымсыз гранттар беріліп жатыр. Ол жақтан мұнайшылар келеді. Біздің жақта ондай мамандық болмағасын біз қысқа мерзімді оқуларға жібереміз.

Ал биыл ауданға оңтүстіктен 35 жанұя келген. Оның 50-і еңбекке қабілетті.

Алтынай Казиканова