Билік

Облыстық әкімдік отырысы

Облыстық әкімдік қабырғасында кезекті отырыс өтті. Бұл жолғы алқалы жиында ең алдымен өңірдің 8 айдағы әлеуметтік-экомикалық даму көрсеткіштері жіпке тізілді. Бірінші баяндамашы – экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижанов.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:
– Экономиканың өсімі 4 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы көлемі – 9,7%, құрылыс жұмыстары – 3,2%, тұрғын үй құрылысы – 3,0%, инвестициялар көлемі – 2,3%, өнеркәсіптік өндіріс – 1,6%, бөлшек сауда 100% артты.

Жалпы сандар құлаққа майдай жағады. Ал салаларға жеке тоқталсақ, көңіл көншітпейтін кейбір көрсеткіштер көзге оттай басылады. Мысалы, Мамлют ауданында жоспарланған инвестицияның 39,9 пайызы ғана тартылған. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жиынға онлайн режимде қатысқан аудан басшысы Владислав Лукинді тағы да сұрақтың астына алды. Әр отырыста сөз алатын атқамінер бұл жолы бүй дейді.

ВЛАДИСЛАВ ЛУКИН, Мамлют ауданының әкімі:
– Иә, біздің ауданда тартылған инвестиция көлемі төмен. Оның өзіндік себебі бар. 2021 жылы диқандарымыз белсенділік танытып, техника сатып алды. Мысалы, 37 трактор, 21 комбайн алынды. Ал биыл ондай үрдіс байқалмайды. Соның салдарынан төмен көрсеткіш тіркеліп отыр. Біз жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша амалдарға көштік.

Мамлюттік атқамінерлер құрылыс саласында да қарық қылмай тұр. Мұнда да көрсеткіш төмен. Себебін Владислав Лукин түсіндіріп бақты. Алайда, жауап Құмар Ақсақаловтың көңілінен шықпады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Мамлют ауданында проблема бітпей қойды. Жағдайды тұрақтандыруға сіздерде уақыт жеткіліксіз емес, жеткілікті болды ғой. Алайда, мәселелер шешімін тапқан жоқ. Ашығын айтайық, жылдың соңына жақындап қалдық. Кемшіліктерді түзеуге бірнеше ай ғана қалып отыр. Енді әр салаға мән беріп, қарқынды жұмыс істеуге тиіссіздер. Сонда ғана жағдай түзеледі.

Дегенмен, бұл жиында Мамлют кейбір көрсеткіштер бойынша мақтаулы аудандардың қатарынан да көрінді. Қазіргі таңда мұндағы диқандар көл-көсір астық жинауда. Осы орайда өңір көлеміндегі дерекпен бөлісе кетейік. Қаңтар-тамыз айлары аралығында өлкемізде 343,5 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліпті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Өңірімізде орақ науқаны аяқталып қалды десек те болады. Қызылжар, Мамлют және Айыртау аудандарында шығымдылық жоғары. Қолда бар деректерге сүйенсек, кейбір агроқұрылымдар гектарынан 35 центнерден және одан жоғары көлемде астық жинап жатыр. Майлы дақылдарға бөлінген жердің 31 пайызында шаруа аяқталды. Мұнда да 15 центнерден өнім алған серіктестіктер бар. Бұл – агротехнологияның, еңбектің жемісі.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Былтыр құрғақшылық болғаны белгілі. Салдарынан қамбаларымыз лық толған жоқ. Есесіне, биыл көл-көсір астық бастырып жатырмыз. Бұл ретте мал шаруашылығындағы динамикаға тоқталу кету қажет. Кешенді жоспар мен инвестициялық жобалары жүзеге асырудың арқасында мұндағы көрсеткіш 4 пайызға артты.

Ет өндіру бойынша Тайынша, Қызылжар және Аққайың аудандары көш бастап тұр. Соңғы екеуі және Ғ. Мүсірепов ауданы сүт өндірісінде жоғары қарқынға ие. Жұмыртқа, картоп, ұн. Бұлардың барлығы түгін тартса майы шығатын аққайыңдар өлкесінде өндіріледі. Тиісінше, олардың бағасы қалта қақпауы қажет. Мұны Құмар Ақсақалов баса айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ең төмен баға Солтүстік Қазақстан облысында болуы тиіс. Біздің басты міндетіміз – барынша көп өнім өндіру. Оны тұрақтандыру қоры сатып алуы қажет. Жеткілікті көлемде ақша бөлінді. Осылайша, біз бағаны ұстап тұруымыз керек. Бұл қолдан келеді деп ойлаймын.

Әкімдік отырысында қаралған екінші мәселе – өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал. Ең бірінші мінберге баяндама оқу үшін облыстың бас санитар дәрігері Әсет Жұматаев шықты.

ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Коронавирус бойынша жағдай тұрақталды. Қазір өңіріміз “жасыл” аймақта тұр. Соңғы 2 аптада облыста 116 жағдай тіркелді. Осыдан сырқаттанушылықтың 2,6 есеге төмендегенін байқаймыз.

Бұл деректерді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Құмар Күсемісов толықтырды. Оның сөзінше, қазір өңірімізде 60-қа тарта адам індетпен күресіп жатыр.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
– Тамыз айының алғашқы қос жұмасында төсек-орындардың толымдылық көрсеткіші 40-тан 62-ге артты. Қыркүйекке таман науқастардың саны төмендеді. Қазіргі таңда біздің бақылауымызда 56 адам бар. Олардың 43-і – үйде, ал қалғаны инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр.

Коронавирус деп жүргенде жіті респираторлық вирустық инфекция мен тұмауды ұмыт қалдырмау керек. Қазанның 1-і мен қарашаның 15-і аралығында облыста екіншісіне қарсы вакцинация жүргізілмек. Тегін екпемен өңір халқының 13,8 пайызы қамтылады. Әкімдік отырысында қысқа көмір дайындау мәселесі де қаузалды. Айта кету керек, биыл өлкеге 419 тонна қара отын қажет. Бүгінгі күнге дейін жоспар 46% орындалыпты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бейінді министрлік көмірді автокөлікпен шекарадан шығаруға уақытша шектеу енгізді. Ол қыркүйектің 30-ы күні күшіне енеді. Біз бұл мәселені бұған дейін де талқылаған едік. Бақылауды күшейту тапсырылды. Алайда, тамыз-қыркүйек айларында “Жаңажол” бекеті арқылы 3100 тонна қара отын Ресейге өткізілген. Ал “Бидайық” бекеті арқылы 1700 тонна көмір сыртқа шығарылған. Бұл деректі шекара қызметі ұсынып отыр. Аудан әкімдері мәселені қатаң бақылауға алыңыздар!

Көмір қымбаттап та кетпеуі қажет. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бақылауды күшейтуді және алыпсатарлармен жұмыс жүргізуді тапсырды. Жиын соңында Құмар Ақсақалов солтүстікқазақстандықтарды ауылдар мен қалаларды көркейту бойынша қыркүйектің 22-сі күні бастау алған айлыққа қатысуға шақырды.

Байболат Култанов