Бизнес және экономикаКөлік және жолдар

Күрмеуі қиын мәселе

Бүгін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шаралары аясында облыстық кәсіпкерлер палатасында жиын өтті. Басқосуда екі мәселе қаралды. Біріншісі қаланың бас жоспарына қатысты болды. Екіншісі Тахтоброд ауылындағы тас жолдың жөндеу жұмысы жайлы. Соңғы аталған проблеманы “Магнит-2010” серіктестігінің директоры Серік Нұрпейісов көтерді. Айтуынша, оған Ғ.Мүсірепов ауданының учаскелік инспекторы жұмыс істеуге кедергі келтіріп жүр. Полицей себепсізден-себепсіз мердігерге қиыршық тас өндіруге шектеу қойыпты. Сөзінше инертті материалды кәсіпкер заңсыз өндірген.

СЕРІК НҰРПЕЙІСОВ, “Магнит-2010” ЖШС директоры:
– “Магнит-2010”, “Көкше-табыс” және “Көкшетау Жолдары” серіктестігі арасында қиыршық тас жеткізу туралы келісім шарт жасалды. Инертті материал Тахтоброд ауылы маңындағы республикалық маңызы бар жолдың орташа жөндеуіне бағытталды. Барлық жұмыстар заңды түрде жүргізілді. Соған қарамастан Ғ.Мүсірепов ауданының полициясы мен прокуратурасы қызметкерлері сәуір айынан бері бірнеше рет аяқтан шалды. Осының салдарынан қазіргі таңда “Көкшетау Жолдары” серіктестігінің жол жөндеу жұмыстары тұралап тұр.

Жергілікті құқық қорқау органдарынан неге бұндай қысым көрсетіліп жатқанын серіктестік басшысы білмей дал. Мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында мердігер учаскелік инспектормен бірнеше рет сөйлесіпті. Бірақ, тұшымды жауап ала алмаған. Қазіргі таңда кәсіпкердің үстінен қылмыстық іс қозғалған. Азаматқа инертті материалды заңсыз өндірген деген айып тағылып отыр. Күрмеуінің шешілуі қиын проблемадан аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары да хабардар.

НҰРЛАН ЫСҚАҚОВ, Ғ.Мүсірепов аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Бұл мәселе қаузала бастаған кезде бізге округ әкімі жүгінді. Оның сөзінше ауыл маңынан қиыршық тас бірнеше күн бойы өндірілген. Атқамінер сондағы жұмысшылармен тілдесіпті. Өндіріс орнына өзім де барып әңгіме жүргіздім. Құжаттардың бар-жоғын сұрадым. Әкімнің айтуы бойынша да серіктестік ешқандай құжат көрсетпеген.

Бұл мәселенің шешімі бір сағатта, тіптен бір күнде табылмайды. Кәсіпкерлер палатасы облыс прокуратурасына аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінің іс-әрекеттерін қарастырып, қос тарап арасындағы түсініспеушілікті шешу шараларын қабылдауды ұсынды.

Алдияр Айтпаев