СпортҚұрылыс

Спортқа жақын ауыл тұрғындарына арналып футбол алаңы салынды

Жамбыл ауданына қарасты Буденное ауылында жаңа футбол алаңының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Спорт нысаны жасанды көгалмен көмкеріліп, айналасы қоршаумен қоршалған. Ойын алаңын асыға күткен жастар қазір аумақтың қызығын көріп, доп теуіп жүр. Мұнда балалардан бөлек, әскери қызметшілер де жұмыстан кейін уақыттарын тиімді өткізе алады.

АСАН АХМЕТОВ, Аткөл шекара бөлімшесінің қызметкері, Жамбыл ауданы:
– Бізде бұрын мұндай спорт кешені болған жоқ. Қазір спортпен айналысатын жастар осы жерге жиналады. Ешқайсысының қолы бос емес. Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысуы – денсаулыққа пайдалы.

Жасыл алаңды мердігер «Аманжолова» жеке кәсіпкерлігі орнатқан. Бұл іске 13 млн теңге бағытталыпты. Дегенмен, қаражаттың 6 млн 800-і ғана жұмсалған, қалғаны үнемделіп, қорда сақталды. Бұдан бөлек, биыл елді мекенде бірнеше жыл жауыр болған күрмеулі мәселе шешімін табуда. Буденноеға кіреберіс жердегі аудандық маңызы бар 8 шақырым жолға асфальт төселді.

АМАНГЕЛДІ ШУАҚПАЕВ, Первомай ауылдық округінің әкімі, Жамбыл ауданы:
– Жолды жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір «Нұр жолдары» серіктестігі ой-шұңқырларға тас төсеп, жол белгілерін орнатуда. Жалпы, бұл шаруаға 398 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Келешекте ауылішілік жолдарды да жөндеу жоспарда бар. Жобалық-сметалық құжаттама дайын. Ақша бөлінсе, іске кірісеміз.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұрын ауданға жету үшін қаншама уақыт жоғалтқан. Қарт адамдарды ауруханаға апару да қиын болыпты.

– Ауылдан шығу қиын болатын. Пресновка жету қиын еді. Қазір жол бар, жақсы болды. Футбол алаңы да салынып жатыр. Қазақстан дамып, спорт саласындағы жетістіктеріміз артып, жолдарымыз жасала берсін.
– Ауылымыз дамып келеді. Бірнеше жыл бойы жол жөндеу көрмей, бейнет көретінбіз. Ауа райы бұзылса, жағдай одан әрі ушығатын. Қазір ол күндер артта қалды. Шыны керек, қатты қуанып тұрмын.

Сонымен қатар, биыл Буденное ауылында көше тренажерлары орнатылған. Шаруа қожалықтары демеушілік көмек көрсетіп, демалуға арналған орын қойыпты.

Алтынай Казиканова