Ауыл шаруашылығы

Жұмыссыз жандарға кәсіпкерлер жәрдем беруде

Ковалевтер жанұясы Қызылжар ауданындағы Налобино ауылында 20 жылдан бері түтін түтетуде. Ерлі-зайыптылардың азын-аулақ шаруашылығы бар. Тұяқтылардың саны жыл санап көбеюде. Оған Петр Ковалев тер төгетін шаруашылық жәрдем беруде. Биыл агроқұрылым отбасыға 3 үлкен шошқа мен 2 торайды тегін беріпті. Күйеуі жұмыста болғандықтан мал күтімімен Виктория айналысады. Бұл іске нәзікжанды бейім.

ВИКТОРИЯ КОВАЛЕВА, Налобино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Қазіргі таңда 2 сауын сиырымыз, бір бұзау мен 5 шошқамыз бар. Құстарымыз бар. Мал азығымен жергілікті шаруа қожалығының басшысы қамтамасыз етеді. Барлығы тегін. Тіпті қысқыға отын да әкеліп, есік алдына төгіп кетеді. Өзім 20 жылдан бері жұмыссызбын. Тек осы мал және бау-бақша күтімімен айналысамын.

Шаруалар ұсынған көмекті Елена Яковенко да сәтті пайдаланған. Вагулино ауылының тұрғыны 4 жыл бұрын қысқартуға тап болып, жұмыссыз қалған. Сол кезде “СК Вагулинская” серіктестігінен оңтайлы ұсыныс түсіпті. Агроқұрылым нәзікжандыға 1 бұзау беріпті. Қазір Зеңгі баба төлі ірі сауын сиырға айналыпты. Нәзікжанды жаз мезгілінде сиыр сүтінен 45-50 мың теңге таза пайда түсіріп отыр.

ЕЛЕНА ЯКОВЕНКО, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Биыл қожалық тағы бір бұзау берді. Қазір ол төл еркін жайылып жүр. Серіктестік пайға мал азығын беріп есептеседі. Жем-шөптен ешқандай тапшылық болмайды. Сиыр сүтінен келетін пайда күнделікті күнкөрісімізге жетеді. Одан басқа шошқа мен қойымыз бар. Жұбайым облыс орталығында жұмыс істейді.

Ал, Кункельдер жанұясы қаз өсіру шаруашылығын қолға алған. Қазір жас отбасының иелігінде 40 қаңқылдақ бар. Күтімге ерлі-зайыптылар бірлесе ат салысады.

РАЙХАН КУНКЕЛЬ, Вагулино ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:
– Осыдан 4 жыл бұрын жергілікті кәсіпкер бұзау берген еді. Биыл құс ұстап көрейік дедік. Қанаттыларды “Шалаев” жеке кәсіпкерлігі берді. Қыс жақындағанда құстардың 1 келісін 2 мың теңгеден саудалаймыз. Түскен пайданың 56 мыңын аталған кәсіпкерге береміз. Қалған қаражатты өз пайдамызға жаратамыз. Осындай көмек ұсынып жатқан кәсіпкерлерге алғысымды білдіремін.

Жалпы, жергілікті ағайынға кәсіпкердің осындай көмек беріп, қарасуы 2018 жылдан бастау алған. Жоба облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың бастамасымен жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда “Жұмыспен қамтудың қосымша шаралары” бағдарламасы арқылы Қызылжар ауданында 95 кәсіпкер жергілікті ағайынға жәрдем беруде.

Алдияр Айтпаев