ТЖ

Су мен өрт – тілсіз жау

Жаға ұстатарлық статистика! Биылғы шомылу маусымында Қазақстанда 184 адам су құрбаны болған. Оның 62-сі – бала. Аққайыңдар өлкесіне қатысты дерек те көңіл көншітпейді. Ағымдағы жылы өңірімізде 5 қайғылы жағдай тіркелген. Облыс аумағындағы өзен-көлдерде көз жұму жайттары бұдан да көп болуы мүмкін еді. Жаз айларында арнайы мамандар күн-түн демей еңбек етіп, 23 тұрғынды ажал аузынан аман алып қалыпты. Бұл жайлы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтты. Брифингіде өртке қатысты да баяндама жасалды. Биыл теріскейде 486 өрт оқиғасы болған. Салдарынан бақандай 33 адамның демі үзіліпті. Ал келтірілген материалдық шығын көлемі 325 млн теңгені құрайды. Алда жылыту маусымы келе жатыр. Бірнеше айға созылатын қауырт кезеңде шақырту саны ұлғаюы ықтимал. Сондықтан, қазір ведомство қызметкерлері халыққа негізгі қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Үйлерге дабыл түймелері де қойылуда. “Олардың көмегі зор”,- дейді басқарма бастығы Аслан Ахметжанов.

АСЛАН АХМЕТЖАНОВ, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
– Маусым айынан бері аз қамтылған отбасылардың үйіне 967 датчик орнатылды. Олардың 880-і – улы газға, ал 87-сі түтінге әсер етеді. Алдағы уақытта тағы 453 құрылғы қоюды жоспарлап отырмыз. Осы орайда орман өрттеріне қатысты дерекпен бөлісе кетейік. Үстіміздегі жылы облысымызда 33 жайсыз оқиға орын алды. Ең көп жағдай Мағжан Жұмабаев ауданына тиесілі. Мұнда биыл орман өрттерінің саны 2 есе ұлғайып, 8-ді құрады.

Байболат Култанов