Спорт

СҚО-да самбо дамып келеді

Бұқаралық спорт түрін дамытып, балалардың самбоға деген қызығушылығын арттыру. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы ұлттық спорт түрлері облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебіне самбомен айналысуға арналған жаңа кілем төселді. Сыйлықты Қазақстанның спорт және жауынгерлік самбо федерациясы елордадан жеткізіп отыр. Самбодан облыс чемпионы Әмірбек Мансұр жаңа бозкілем бұрынғыдан әлдеқайда жұмсақ, жаттығуға ыңғайлы дейді.

ӘМІРБЕК МАНСҰР, самбодан облыс чемпионы:
– Самбо күресімен айналысып жүргеніме 7 жылдан асты. Жаңа кілем біздің жаттығу жасауымызға пайдасын тигізеді. Қазақстанның қалаларында өткен республикалық турнирлерге қатысып, жүлделі болдым. Қазіргі кезде Қазақстан чемпионатына, әлемдік додаларға қатысуды жоспарлап отырмын.

Осыған дейін спорт мектебінде күрестің барлық түріне арналған кілем болған. Енді жаңасы самбоның стандарттарына толықтай сай келеді. Қазақстанның спорт және жауынгерлік самбо федерациясының өкілдері теріскей жастары самбодан биік белестерді бағындыратынына сенімді.

ЕРНАЗАР БЕКСҰЛТАНОВ, Қазақстанның спорт және жауынгерлік самбо федерациясының бас хатшысы:
– Жастар мен жасөспірімдердің арасында спортты насихаттап, осы кілемнің үстінде Құдай қаласа Петропавлдан әлем чемпионатына қатысатын чемпиондар өседі деген сенімдеміз. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шығып, анализ жасадық. Қазақстанның барлық мектептері мен залдарында алдымен кілем жаюды жөн көрдік. Көкшетау қаласында кеше жайдық, бүгін Петропавлда. Әрі қарай басқа өңірлерге төсеу жоспарда бар.

Жалпы, спорт мектебінің негізі 2004 жылы қаланған. Қазір мұнда 62 адам самбо үйірмесіне қатысып жүр. Одан бөлек, қазақ және белбеу күресі, жекпе-жекпен айналысатындар да аз емес.

РУСЛАН ПШЕМБАЕВ, Қ.Мұңайтпасов атындағы ұлттық спорт түрлері облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебінің директоры:
– Сыйлық сыйлап, спортшыларымызды қуантқан Қазақстанның спорт және жауынгерлік самбо федерациясына алғысымды айтқым келеді. Арқалаған үміт пен сенімді ақтап, Қазақстан және Әлем чемпиондарын дайындап шығаруға тырысамыз.

Айта кетсек, жуырда спорт мектебінің қатысушысы белбеу күресі бойынша Өзбекстанда өткен Әлем чемпионатынан жүлделі оралған. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұнда самбодан облыс біріншілігін өткізу жоспарланып отыр.

Алтынай Казиканова