БалаларҚұқық қорғау органдары

Балалар кинологтардың жұмысымен танысты

Жыл басынан бері облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығына 200-ден астам бала экскурсияға келген. Жақында иісшіл иттерді көрген ұл-қыздардың саны артты. Бұл жолы арнайы аумақта қонақта №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің 40 бастауыш сынып оқушысы болды. Түрлі қылмысты ашуға көмектесетін төртаяқтылардың дені сау, қарындары тоқ әрі жұмысқа қабілетті болуы үшін мамандар демалыссыз еңбек етеді. Әңгіме барысында полицейлер кішкентай меймандарға күнделікті қызметтері мен құрал-жабдықтары жайлы айтып берді. Экскурсия күні Мэри атты жануарға 6 ай толды. Неміс овчаркасы қазір үйретіліп жатыр екен. Жақын арада оған инспектор-кинолог бекітіліп, іске кіріспек.

АЛЕНА БУРЛАКОВА, №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушысы:
– Бұл жерге екінші рет келіп отырмыз. Бізге иттердің жаттығуларын қараған өте ұнайды. Бірінші келгенде Мэри атты ит кішкентай болған еді. Бүгін көрдік, өсіп қалыпты. Өзі өте сүйкімді. 

Экскурсия барысында кинологтар иттердің қыр-сырымен қатар, өздерінің қызметтері жайлы көбірек айтуға тарысты. Мақсат – қажыр-қайратты талап ететін мамандыққа балалардың қызығушылығын арттыру. Полицейлер осы күннен ұл-қыздардың жануарларға жақын әрі мейірімді болғанын қалайды.

САМАТ ТӨЛЕБАЕВ, СҚО ПД кинологиялық қызмет орталығының бастысы:
– Біздің орталықта “Балалар жылы” аясында қаңтар айынан бастап мектеп оқушылары үшін экскурсия ұйымдастырылуда. Мұнда қала балаларымен қатар, ауылдардан да ұл-қыздар келеді. Барлығын қуана қарсы аламыз. Иттерді кішкентай қонақтарымыз қызыға тамашалайды.  

Қазіргі таңда өңірімізде 50 қызметтік ит бар. Олар: неміс және бельгиялық овчаркалар, лабрадорлар, спаниельдер мен ротвейлерлер. Жыл басынан бері иісшіл төртаяқтылардың көмегімен 480-нен астам қылмыс ашылыпты. Оның 20-дан астамы есірткі бизнесіне қатысты екенін айта кету қажет.

Байболат Култанов