МәдениетҚоғам

Архивте “Ашық есік” күні өтті

Балалар жылы аясында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінде “Ашық есік” күні өтті. Оған қара шаңырақ өкілдері жоғары деңгейде дайындалыпты. Шараның ашылу салтанатына дейін қонақтар кіреберістегі көрмемен таныса алды. Мына қыз-жігіттер осыдан 1 ғасыр бұрын Петропавлда тұрып, түрлі бастаманың басы-қасында жүрген жастардың фотосуреттерін тамашалауда.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Көрмелер ұйымдастырып отырмыз. Петропавлда “Спартак” атты балалар қозғалысы осыдан 100 жыл бұрын пайда болған. Соған мүшелік еткен балалардың суретін тұңғыш рет көпшілікке ұсындық.

Көп ұзамай іс-шараның ашылу салтанаты да бастау алды. Бүгін Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві үшін ерекше күн. Мекеме Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, атақты академик Зарқын Тайшыбайдың қорымен толығып отыр. Қордың құрылғандығы жөніндегі арнайы құжатты Сәуле Мәлікова ақсақалға табыс етті.

Қор әзірге Зарқын Тайшыбайдың отбасылық суреттерінен, жеке зерттеу құжаттарынан, ғылыми еңбектері мен кітаптарынан тұрады. Алдағы уақытта тізім толыға бермек. Өз кезегінде талай жасқа тәлім берген академик залдағы балаларды архивке жақын болуға, тарихи деректерді көз майын тауысып оқуға шақырды.

ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик:
– Оқыңыздар! Сонда аталарыңыздың істеген, істемеген шаруаларына көздеріңіз жетеді.

Архивте домбыраның үні де естілді. Дәстүрлі әнді Біржан Есжан Абайдың туындысын орындап берді.

Ашылу салтанатында “Архив құжаттарындағы өлкенің тарихы” атты эссе байқауының жүлдегерлері де марапатталды. Оқушылар арасында өткен сайыста Мамлют ауданындағы Ленин орта мектебінің шәкірті Мәдина Сүлейменова 3-ші орынға ие болды. Ол ауылы жайлы туындыны ұстазымен бірге жазыпты.

МӘДИНА СҮЛЕЙМЕНОВА, Ленин орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:
– Біз архивтен мәлімет іздедік. Зерттеу жүргіздік. Ауылдың үлкендерімен сөйлестік.

Түрлі көрмелер, тарихи фактілер мен тұлғалар және сақтаулы тұрған құжаттар. “Ашық есік” күні барысында оқушылар мен студенттер осылармен жақынырақ таныса алды. Жастардың көпшілігіне қаз-қатар құнды қағаз қойылған мына зал ерекше әсер етті. Айтпақшы, жақында теріскейлік архив қызметкерлерінің қоржыны баға жетпес құжатпен толықты.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:
– Ресейдің тарихи архивінен Міржақып Дулатовқа қатысты қозғалған қылмыстық істі алдық.

Тарихи олжа деп айтсақ артық емес. Алдағы уақытта бұл аса құнды құжат жіті зерттелмек.

Байболат Култанов