БалаларӘр түрлі

«Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде квест ойыны ұйымдастырылды

«Тұңғиыққа сапар». Осындай атаумен «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінде квест ойыны өтті. Оған облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушылары шақырылды. Шараны өткізудегі мақсат – балалардың тарихқа деген қызығушылығын ояту.

НАЗГҮЛ БЕЙСЕМБИНА, «Абылай хан резиденциясы» музей кешенінің экскурсия жүргізушісі:
– Квест ойыны өте ерекше, басқаларына ұқсамайды. Ойын барысында бір тапсырманың шешімі екіншісіне нұсқау болады. Сонымен қатар, барлық ойындар экспозициямен байланысты. Балалар осы квесттегі ойындардың шешімін табу арқылы Абылай бабамыздың жеке тұлғасымен, оның Қазақ хандығын құрудағы рөлін анықтайды. Қазақ халқының дәстүріне жақын болады деген оймен осы квестті ұйымдастырып отырмыз.

Ойын басында топ-топқа бөлінген балаларға «Саяхатшы кітабы» берілді. Онда квесттің ережесі мен тапсырмалары жазылған. Мәселен, мына жерде балалар Абылай ханның өмір жолымен танысуда. Мұнда олар ханның қызметтік жолын суреттер арқылы рет-ретімен құрастыруы қажет. Тапсырманы дұрыс орындаған жағдайда арнайы бір сөз шығады екен.

Бүгінгі шараға облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының 20-ға жуық оқушысы қатысты. Жастар берілген тапсырмаларды орындап, белсенділік пен тапқырлық танытты. Олар ойынды берілген уақыт, яғни 30 минут ішінде орындап шықты.

ӘЙГЕРІМ ЖАЙЛАУБАЕВА, облыстық арнайы (түзету) мектеп-интернатының аға тәлімгері:
– Квест ойыны балаларға ұнады. Олар Абылай хан туралы көп дүние білді. Барлық топтар өздерін жақсы қырынан көрсетті.

Ең қызығы соңында. Мұнда оқушыларға Абылай ханның балаларға жолдаған ақыл-кеңесі жазылған кітапша табыс етілді.

Самал Жунусова