БілімӘр түрлі

Өндірістік тәжірибеден кейін жұмысқа орналасқандар

Никита Лузин – Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің 4-курс студенті. 19-дағы жігіт қазір «Петропавл жылу желілері» серіктестігінде өндірістік тәжірибеден өтуде. Теория жүзінде алған білімін іс жүзінде пайдаланып, біліктілігін одан әрі арттыру үшін осында жұмысқа да орналасыпты.

НИКИТА ЛУЗИН, Б.Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің студенті:
– Қазір Брусиловский мен Васильев көшелерінің қиылысында жылу желілерін жаңарту жұмыстарын атқарып жатырмыз. Өзім траншеяларды қазып, құбырларды сырлаймын. Жұмысым ұнайды, жалақысы да көңілден шығады. Оқуымды бітіргеннен кейін осы серіктестікте қалып, еңбек етуді жоспарлап отырмын.

Тәжірибеден өтуге Никитадан басқа тағы 15 адам келген. Студенттер «Севказэнерго» мен оқу орны арасында әлеуметтік серіктестік туралы жасалған келісім-шарт бойынша білімдерін арттыруда. «Петропавл жылу желілері» серіктестігі бас инженерінің орынбасары Денис Возняктың айтуынша, осы арқылы кәсіпорында жұмыс істеуге ниетті жастардың қатары біртіндеп көбейіп келеді.

ДЕНИС ВОЗНЯК, «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас инженерінің орынбасары:
– Тәжірибеден өтіп жатқан студенттердің кейбірі олқылықтарды қалыпқа келтіру үшін бригаданың құрамында, қалғаны инженерлікте жұмыс істейді. Уақыт өткен соң орындарымен алмасады. Осылайша колледжде білім алушылар істің толық қыр-сырын меңгеріп, жылу берудің толық процесімен жақынырақ таныса алады. Айта кетсем, студенттердің теорияны жетік меңгергендері көрініп тұр. Біз білімдерін жұмыста қалай қолдану керектігін үйретудеміз.

Серіктестікте тәжірибеден өткен студенттердің көбісі диплом алғаннан кейін осында жұмысқа орналасады екен. Мәселен, биыл қатар 4 маманмен толыққан.

Алтынай Казиканова