ҚоғамБилік

Жолдау жүктеген тапсырмаларды іске асыру

Ел Президенті 1-ші қыркүйекте жолдаған Жолдауында әлеуметтік салаға қатысты бірқатар тапсырма жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің зейнет жасын 61 жас деңгейінде 5 жылға дейін тоқтата тұруға шешім қабылдады. Бұл жаңалық көптің көңілінен шықты. Қазіргі таңда бұл бағытта бірқатар шара қолға алынған.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Бұл шара коронавирус пандемиясы азаматтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына теріс әсер еткенін ескере отырып қабылданды. Сондықтан, алдағы 5 жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесін жақсарту жөнінде шаралар қабылданатын болады. Бұл ретте ауыл медицинасына, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және қолдауға бағытталған оңалту орталықтары желісін құруға, сондай-ақ, кеңейтуге ерекше назар аударылатын болады.

Жолдауда бала күтімі бойынша да бірнеше шешім қабылданды. Жаңа босанған аналарға тиісті жәрдемақы 1 жыл емес, енді 1 жарым жыл бойы төленеді. Осы ретте жәрдемақы алуға үміткер әрбір ата-ана мынаны ескеруі тиіс. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі неғұрлым көп болса, тиісінше төлем мөлшері де соғұрлым молая түседі.

АНАР ЖҮНІСОВА, “Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры” АҚ СҚОФ директоры:
– Биылғы жылы бұндай төлем 385 мың адамға тағайындалған. Бұл бағытқа 154,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Оның 86,1 млрд теңгесі ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында 169 мың адамға үлестірілді. Айта кетейік, жұмыс істемейтін немесе бала туылғанға дейінгі соңғы екі жылда 6 айдан кем жұмыс өтілі бар ата-аналар жәрдемақы мен төлемдерге тек мемлекеттік бюджеттен ғана үміткер бола алады.

Сондай-ақ, биыл қыркүйектің 1-інен бастап пилоттық режимде Отбасының цифрлық картасы жобасы енгізілді. Жаңа жүйе өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасылар мен азаматтарды автоматты түрде анықтайды.

МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Негізгі мақсат – мұқтаж отбасыларға мемлектет тарапынан көрсетілетін қызмет түрлерін проактивті, өтінішсіз және уақытылы қанағаттандыруға болатын механизм құру. Қазірдің өзінде цифрлық картада шамамен 6 млн отбасы және 19 млн адам туралы деректер қамтылған, сондай-ақ, «Отбасы портреті» деп аталатын деректер қалыптастырылған. Біздің облыс бойынша 16 мыңнан астам адам бойынша деректер қалыптастырылды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: 1 қыркүйектен жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша пилоттық режимде іске қосылды, 2025 жылдан бастап мемлекеттік кепілдіктердің барлық түрлері қамтылатын болады.

Жиында жұмысынан айырылған жағдарға берілетін төлем туралы да сөз қозғалды. Биыл бұл қолдау түрін 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайту көзделген. Төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады.

Алдияр Айтпаев