Әр түрлі

Өңір омарташылары қысқа қамдануда

“Буревестник” саяжай қауымдастығында аралар еркін ұшып жүр. Осыдан бірер күн бұрын бұл жолақтылар Мамлют, Жамбыл және Қызылжар ауданының егістік алқаптарында бал жинады. Барлығы – 120 отбасы. Әр жанұяда 20 мыңнан астам жәндік бар. Қауырт маусым алдында омарташылар жарғаққанаттыларды “варроатоз” кенесінен залалсыздандырып, азықтарын әзірлеп жатыр. Іске тәжірибелі мамандармен қатар Солтүстік Қазақстан кәсіптік оқыту және сервис колледжінің студенттері жұмылдырылған.

Ішінде мыңдаған ара бар жәшікті тек осы бір арнайы құралдың көмегімен ашу қажет. Себебі шаңырағына баса көктеп кірген омарташыны жәндіктер жылы қабақ танытып, қарсы алуы екіталай. Ал бұл жабдықтан түтін шыққан кезде жолақтылар әлсірейді, тиісінше қауіп те азаяды.

Араларды қыстап шығуға дайындау жұмысына Сергей Таранов 2-ші жыл қатарынан қатысып жатыр. Кәсіптік оқыту және сервис колледжінің студенті жолақтылардың мінез-құлқтарын да танып алған.

СЕРГЕЙ ТАРАНОВ, Солтүстік Қазақстан кәсіптік оқыту және сервис колледжінің студенті:
– Мінез-құлқы қиындау жәндік – орыс арасы, ал ең тынышы – карника. Өзіме осы карника арасымен жұмыс істеген ұнайды. Биылғы маусымда 50 литрден астам бал жинадым. Оқуымды бітіргесін омартада жұмыс істей беремін.

Біреу білсе, біреу білмес, бал жинағыш аналық аралардың ғұмыры қысқа болады. Олар 30 күн бойы ғана тіршілік етеді. Жалпы, биыл “Қызылжар Пасека” серіктестігі 8 тоннаға жуық табиғи таза бал жинапты.

ОЛЕГ ГАВРИЛОВ, “Қызылжар Пасека” ЖШС директоры:
– Биылғы маусым сәтті өтті. Бал жинау науқанын мамыр айының басында бастадық. Алғашында аралар бақшаларда дамыды. Кейіннен күнбағыс, қарақұмық алқаптарына жіберілді. Қазір әр отбасыны қарап, аралардың санағын жүргізудеміз. Жәндіктерді тамақтандыру жұмысы да қызу жүріп жатыр. Жертөлеге жәндіктер күн суыған кезде түсіріле бастайды.

Осыменен аралар 3-ші жыл қатарынан өңірде қыстамақ. Айта кетейік, қауырт маусымда әрбір жанұяға азық ретінде 22-28 келі бал қойылмақ. Мамандардың сөзінше қыстан жәндіктердің 90%-ы тірі шығады.

Алдияр Айтпаев