БілімҚұқық қорғау органдары

Нашақорлықпен күрес

Петропавлдағы №7 орта мектепте нашақорлықтың алдын алуға бағытталған сабақ өткізілді. 60-тан астам жоғары сынып оқушысының басын қосқан іс-шараға ұстаздар, полицейлер, дәрігерлер мен колледж студенттері қатысты. Қаузалған тақырып – синтетикалық заттардан келер қауіп.

АЛЕНА МОЖАРОВА, психикалық денсаулық орталығының бөлімше меңгерушісі:
– Біз синтетикалық есірткінің заманауи түрлерін тұтынатын жасөспірімдерді кездестіріп жүрміз. Өкінішке қарай, нашақорлықтан емделу біраз уақытты, ақшаны талап етеді. Ем-дом барысында түрлі мәселелер де туындайды.

Бұған жол бермеу үшін балаларға ақ пен қараны ерте жастан түсіндіру қажет. Кездесуде саудагерлердің Telegram мессенджері және OLX-ті ақтарып, есірткі тасымалдаушыларды іздейтіні айтылды. Тасымалдаушыларға тағайындалатын жаза туралы да баяндалды. Кездесуде Өнер колледжінде оқитын жас актерлердің қатысуымен сахналық көрініс те ұсынылды. Онда жедел уәкілдер зиянды заттарды сататын адамдарды ұстады.

ПОЛИНА ЧУРЯК, оқушы:
– Бүгін мектебімізде үлкен әлеуметтік проблема көтерілді. Мәселе шынымен де өзекті. Сондықтан, барлығымыз мамандардың айтқанын мұқият отырып тыңдадық. Сахналық көрініс те әсерлі болды. 

Кездесуде ортаға иісшіл ит те шықты. Лабрадор тұқымды Белла атты төрт аяқты залды аралап, құрамында есірткі бар имитатор салынған пакетті іздеді. Кездесу соңында оқушылар мен полицейлер бірлесіп видео түсірді. Оны әр адам қайталай алады. Челлендждің ұраны – «Бақытты өмірде есірткіге орын жоқ».

БАУЫРЖАН ӘБДІЛМАНОВ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
– Соңында оқушылармен бірлесіп, ТикТок түсірдік, жастар арасында челлендж өткіздік. Бұны есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ресми аккаунтынын көре аласыздар. 

Тәртіп сақшылары челленджді жастар қолдайды деген сенімде. Жыл басынан бері полицейлер есірткі қылмысының алдын алу үшін түрлі кездесулер, спорттық іс-шаралар, флэшмобтар ұйымдастырыпты. Дегенмен, өңірімізде құқық бұзушылық түп тамырымен жойылмай тұр. Биыл облысымызда заңсыз айналымнан 383 келіден астам зиянды зат алынған. Оның 1,5 келіден астамы – синтетикалық ұнтақ.

Байболат Култанов