ТКШ

“Берекенің” берекесін қашырған қоқыс

Бұл – Петропавлдағы Батыр Баян көшесі. Көшенің орталыққа жақын бөлігі қанағаттанарлық күйде болғанымен, “Береке” ықшам ауданындағы бөлігі жаға ұстатады. Мұндағы мәселе ой-шұқыр емес. Жол бойы қоқыс шашылып жатыр. Қалдықтарды жақын маңайда тұратын тұрғындар тастайды. Мәселен, мына видеоға назар салыңыздар. Нәзікжанды балабақша мен аялдаманың жанындағы үйіндіге жақындап, қолындағы қос пакетті тастап кетті. Мұндай жағдайда тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Учаскелік инспектор бүгінгі күнге дейін әжептәуір хаттама толтырыпты.

БЕЙБІТ ӘЛІМЖАНОВ, СҚО ПД ЖПҚБ учаскелік инспекторы:
– Қоқыс жәшіктері шамамен 1 ай бұрын алынды. Осы уақыттың ішінде 22 хаттама толтырылды. Жалпы сомасы 130 мың теңгені құрайды.

Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер! Ескерер жайт, тәртіп бұзушы өз кінәсін мойындап, тиісті айыппұлды уақытында төлеуге келіссе, онда өтелетін сома 50 пайызға азаяды екен.

БЕЙБІТ ӘЛІМЖАНОВ, СҚО ПД ЖПҚБ учаскелік инспекторы:
– Айыппұлдың жартысы салынады. Оны 7 күннің ішінде өтеу қажет. Егер өтей алмаса, онда толық өтеуге, яғни 15 315 теңге төлеуге тура келеді.

Айлық шайлыққа жай да жетпей жатқан қазіргі шақта айыппұлдың еш қажеті жоқ. Қалаға қоқыс үйіндісі де керек емес. Осы орайда көптің талқысындағы мәселенің неден туындағанын баян етейік. Бұрын Батыр Баян көшесінің бойында “КоммунСевер” серіктестігінің контейнерлері тұрыпты. Олар біртіндеп алынып тасталған. Оның бірнеше себебі бар. Алғашқысы – тұрғындардың бәрі бірдей қоқыс үшін төлем жасамаған.

МҰРАТ ЕСМҰҚАНОВ, “КоммунСевер” ЖШС директоры:
– Жәшіктерді қойған кезде бізбен мұндағы тұрғындардың 30 пайызы ғана келісімшарт жасасты. Яғни, біз толық көлемде ақша алған жоқпыз. Сосын, уақыт өте келе контейнерлерімізге түрлі дүние тасталды. Қолқаны қабатын иіс маңайды алып кеткен күндер де болды. Осыған байланысты адамдардың өздері хабарласып, жәшіктерді алып тастауды сұрады.

Бүгінде әр адамға бекітілген тариф 230 теңгені құрайды. Серіктестіктік берекеліктермен келісімшарт жасасуға әзір. Бірақ, өздерінің қоятын талабы бар. Қызмет ұсынушы халықтың бәрі бірдей құжатқа қол қойып, төлем жасағанын қалайды. Бұған біз тілдескен тұрғындар қарсы емес. Алайда, олар келісім бойынша ешкім жүгінбегенін айтады.

АЙТБАЛА ҚЫЗДАРОВА, қала тұрғыны:
– Бізге ешкім келген емес. Өзім осы жерде 17 жыл тұрамын. Бұрын қоқысты жәшіктерге тастайтынбыз. Қазір үйде жағамыз.

Ал қалалық әкімдік өкілдері мен учаскелік инспектор өзгеше пікірде. Олар берекеліктер арасында түсіндіру жұмысын жүргізгендерін айтады. Көріп тұрғандарымыздай, әзірге нәтиже жоқ. Жалпы, белгілі бір аумақты қоқыс үйіндісіне айналдыру – күллі қала көлеміндегі мәселе. Бүгінде петропавлдықтар кәсіпорындарға миллиондап қарыз.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қала бойынша 4 кәсіпорын қоқыс шығарумен айналысады. Оларға тұрғындар 28 млн теңге қарыз. Оның 4,5 млн теңгесі берекеліктерге тиесілі. Кәсіпорын – “КоммунСевер” ЖШС.

Сонымен, Батыр Баян көшесіндегі қоқыс қала сыртына қашан және қалай шығарылады? Бұл сұрақты әкімдік өкіліне қойдық.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Биыл біз заңсыз орындардағы қоқысты шығару бойынша келісімшарт жасастық. Соның аясында зираттардағы, жеке сектордағы қоқыстар шығарылды. Бұл жұмыс жалғасын табады. Бірақ, тұрғындарды кәсіпорындармен келісімшарт жасасуға шақырамыз.

Демек, әкімдік жинауы мүмкін. Бірақ, оны күту қажет. Билік заңсыз қоқыс алаңдарын рет-ретімен жойып жатыр екен. Тағы, тұрғындар өздері кәсіпорындармен келісімшарт жасасып, ығыр қылған мәселені шеше алады.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Батыр Баян көшесіндегі қоқыс үйінділері көп кешікпей жиналады деп сенеміз. Өйткені, қалдықтар Қызылжардың көркін қашырып тұр әрі мұнда жел болса, иіс тұрады екен. “Автобус күту, әрлі-берлі жүру мүмкін емес”,- дейді ағайын.

Байболат Култанов