Бизнес және экономика

Әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау

Петропавлдағы «Формула слуха» серіктестігі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Қазіргі уақытта орталықта есту қабілеті бұзылған 7 мыңға жуық жан көмек алады. Серіктестік директоры Наталья Воронованың айтуынша, оңалтудан әлеуметтік осал топ өкілдері өтуде. Есту аппараттары тапсырыс арқылы Ресей мен Сингапурден жеткізіледі.
Биыл іскер жан әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне кіру үшін өтініш берген.

НАТАЛЬЯ ВОРОНОВА, «Формула слуха» ЖШС директоры:
– Біздің ұйым мүмкіндігі шектеулі адамдарға, сонымен қатар, оларды қоршаған ортаға бейімделуге көмектеседі. Орталықта 10 жыл бойы көмек алып жүрген науқастар бар. «Формула слуха» компаниясы мүгедектігі бар ересектер мен балаларға қол ұшын созуға дайын.

Әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне тіркелген кәсіпорындарға мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, салықтық жеңілдіктер беріледі. Олар бірқатар төлемнен босатылады. «Формула слуха» орталығы тиісті реестрге кіру үшін Наталья Воронова өз жобасын арнайы комиссияға өткізді. Кейін оның мүшелері дауыс беріп, шешім қабылдады.

ТИМУР БЕКЕЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:
– Наталья Воронованың жобасын комиссия мүшелері бірауыздан қолдады. Іскер азаматша өңірдегі әлеуметтік кәсіпкерлер реестріне енгізілді. Жалпы, бұл жұмысты жүргізудегі мақсат – заңды тұлғалар мен шағын бизнес иелерін әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға тарту.

Облыстық әлеуметтік кәсіпкерлер реестрінің тізімінде қазір 4 серіктестік тұр. Солардың бірі – ерекше адамдарға арналған «Равная дорога» автомектебі.

Самал Жунусова