Кәсіптен нәсіп тауып отырған жамбылдық ерлі-зайыпты

Бизнес және экономика

22:10 19 Қыркүйек 2022

Ыдыс-аяқ пен кір жуатын машина, теледидарға дейін бар. Бастысы – үйге керектінің бәрін уақыт жоғалтпай, бір жерден алуға болады. Мария Рахматуллинаның дүкенінде күнделікті өмірге қажетті тауардың 5 мың аталымы сатылады. Нәзікжанды алғашында саудасын майда-шүйде заттардан бастаған. Кейін 2019 жылы кәсіптің қыр-сырын меңгеру үшін «Бастау Бизнестің» оқыту курстарынан өтіп, қаржылай қолдауға ие болған.

МАРИЯ РАХМАТУЛЛИНА, жеке кәсіпкер, Жамбыл ауданы:
– 530 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берді. Оған мына тауар қоятын сөрелерді сатып алдық. Осылайша жолдасым екеуміз ақырындап шағын бизнесімді кеңейте бастадық. Өткен жылы тұрмыстық техника мен химия сататын тағы бір бөлім ашылды. Қазір дүкеннен мерекелік кәдесый, автокөліктерге қажетті қосалқы бөлшектердің түр-түрін де сатып алуға болады.

Сөрелер жиі жаңартылып тұрады. Тауарлардың басым бөлігін иелері өздері барып Алматы қаласынан әкеледі. Мария Александровнаның сөзінше, әрқашан жаңа, бұрын-соңды қойылмаған заттарды жеткізіп, халықтың көңілінен шығуға тырысады екен. Нәтижесі көрінуде, келушілердің қатары күн санап артуда.

– Магазинге жиі келіп, қажетімізді аламыз. Бағасы да жарап жатыр, бізге ұнайды. Стиральная машина, телевизор – керектінің бәрін аламыз.
– Дүкендегі тауарлар сапалы. Сатушылар да өз жұмыстарын жақсы атқарады. Әрқашан таңдауда көмектесіп, ақыл-кеңестерімен бөліседі. Пресновкада осындай дүкеннің ашылғанына қуаныштымыз.

Мария Рахматуллинаның кәсібін жақындары қолдап, қол ұшын созады екен. Мәселен, әпкесі Любовь Грозная осында сатушы болып қызмет етеді.

ЛЮБОВЬ ГРОЗНАЯ, сатушы-кеңесші:
– Бұған дейін басқа жерде жұмыс істеп жүрдім. Сіңлім кәсіп ашқасын, жанында болып, ісін алға қарай жылжытуға көмектесу үшін дүкенге орналастым. Өзіме келушілермен тілдесіп, сауда жасасқан ұнайды.

Жамбылдық іскер нәзікжанды мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келешекте бизнес ауқымын кеңейтіп, тауар санын арттыруды жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова

Бұдан әрі оқыңыз

3 мыңнан астам қызылжарлық өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр
Петропавлдық тігіншілердің қатары толықты
Бірыңғай есеп күні
Күрмеуі қиын мәселе
Әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау