ҚоғамБилік

Бұқараның базынасы тыңдалды

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов қоғамдық қабылдау өткізді. Ең алдымен аймақ басшысымен мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған қала тұрғыны Азиза Жүнісова жүздесті. Оның сөзінше, шаһарда бүлдіршіндерге оңалту қызметтері әлі күнге дейін жөнді көрсетілмейді. Сондықтан, белсенді аналар бірлесіп, «Senim» атты арнайы зал ашқан. Оң нәтиже бар. Төккен тер зая кетпепті. Өкінішке қарай, бұл бастаманы жалғастыру мүмкін болмай тұр. Бәріне себеп – қаржының жоқтығы.

АЗИЗА ЖҮНІСОВА, қала тұрғыны:
– “Мамандардың келіп көрсеткен қызметтерінен кейін балаларымызда жақсару байқалады. Соны әрі қарай жалғастырғымыз келеді. Бірақ, оған қазір біздің қаражатымыз бітті. Бізге көмек қажет”.

Ананың мәселесі күрделі. Бауыр еті баласы үшін алаңдаған Азиза Жүнісованы өңір басшысы Құмар Ақсақалов мұқият тыңдап, проблеманы шешуге тырысатынын жеткізді.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Бұны дұрыстауға болады. Мен ұсыныстарыңызды қолдаймын. Бүкіл республика бойынша мұндай проблемалардың бар екендігі түсінікті. Сондықтан, сіздерге ыңғайлы механизмді пайдалану керек. Қаражат бөлінсе, оны өздеріңіз таңдап аларсыздар”.

Дарина Айсақованың да базынасы осыған ұқсас. Қала тұрғынының айтуынша, облыс орталығында аутист балғындарға жөнді көңіл бөлінбейді. Оңалтудан бөлек, шаһарда науқас балалар үшін шығармашылық және спорттық үйірмелер де қарастырылмаған.

ДАРИНА АЙСАҚОВА, қала тұрғыны:
– “Баламның науқас атанғанына 3 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде мемлекеттен жәрдемақы ғана алып келеміз. Мұндай қолдау жеткіліксіз. Менің балама оңалту қажет. Мәселе бойынша облыстық ауруханаға бардым. Өкінішке қарай, ондағы мамандар бізге көмектесе алмайтындарын жеткізді”.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– “Біздің облысымызда жүзеге асыруды қажет ететін ұсынысты егжей-тегжейлі қарастыру қажет. Проблеманы білеміз. Өңірімізде науқас балалардың саны да ұлғаюда. Сондықтан, мәселені зерттеп, іске кірісу қажет. Мемлекеттен бұған қаржы бөлінеді”.

Өңір басшысы Уәлиханов ауданының тұрғынын да қабылдады. Абдулқасым Тілібеков осыдан бірнеше жыл бұрын өңірімізге «Еңбек» бағдарламасы бойынша Алматы қаласынан қоныс аударыпты. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. 7400 гектар жайылымдық жері бар. Болашақта үлкен шаруашылық ашып, 120 адамды жұмыспен қамтуды жоспарлап отыр. Идеяны жүзеге асыру үшін қаржы керек. Қоғамдық қабылдауға облыс әкімінен көмек сұрай келіпті.

АБДУЛҚАСЫМ ТІЛІБЕКОВ, Уәлиханов ауданының тұрғыны:
– “Біз қазір 72 миллион теңге құйдық. 200 миллион теңге тағы қарастырып жатырмыз. Ол өз тарапымыздан болады. Бізге тағы 600-700 миллион керек. Оның қайтымы – 2-2,5 жыл”.

Қомақты сома азаматқа берілмейді. Себебі, оның кепіл мүлкі жоқ. Мұндай жағдайда облыс әкімі көмек көрсете алмайтынын жеткізді.

Байболат Култанов