Ауыл шаруашылығы

«Шатило және К» серіктестігі дақылдардың 50 мың тоннасын қамбаға құйды

АЛТЫНАЙ ҚАЗИҚАН, тілші:
– Жамбыл ауданындағы «Шатило және К» серіктестігінде орақ науқаны қарқынды жүріп жатыр. Шаруашылықтың егістік алқабының аумағы 35 мың гектарды құрайды. Осы күнге дейін диқандар дақылдардың 50 мың тоннасын қамбаға салыпты.

Яғни, аграрийлердің ала жаздай күтіп-баптаған өнімінің 83 пайызы алынған. Енді күзгі бидайдың 4 мың гектары, 1,5 тонна рапс бастырылмақ. Жалпы, ағымдағы жылы «Шатило және К» серіктестігінде дәнді және майлы дақылдар былтырғыға қарағанда бітік шығыпты. Бұршақ дәнділер гектарына – 19, жасымық – 18,5, бұршақ 21 центнер өнім берген.

ОЛЕГ АДАМ, «Шатило және К» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
– 6 мың га аумаққа зығыр еккен болатынбыз. Нәтижесінде орташа өнімділік гектарына 13 центнерді құрады. Бұл көңіл қуантарлық жағдай. Қазіргі уақытта рапсты жинау үстіндеміз, гектарына 1,5 тонна алынып жатқанын айта кету қажет. Қырманда 24 камаз, 17 комбайн, 6 бункер-қайта тиегіштер жұмыс істеуде. 3 жылда комбайндардың өнімділігін 2 есе арттырдық. Бұрын техниканың бұл түрі күніне 30 га астық жинайтын еді, қазір көрсеткіш 80-ге жетіп отыр.

Биыл шаруашылық HORSCH компаниясының 18 метрлік 3 егін себу кешенімен толыққан. Комбайндардың барлығы «CLAAS Group»-тікі. Соңғысы 2017 жылы алыныпты. Тағы қоса кетерлік жайт, «Шатило және К» серіктестігі қысқа сақадай сай, жем-шөп толық дайын. Алдағы күндері қызметкерлердің үйіне 2 тоннадан жеткізіледі. Оларға жеңілдік те қарастырылған.

ОЛЕГ АДАМ, «Шатило және К» ЖШС директоры, Жамбыл ауданы:
– Шөптің тоннасы 20 мың теңгеден сатылады. Тілге тиек етсем, серіктестікте 250 қызметкер еңбек етеді. Орақ науқаны кезінде маман жетіспегендіктен, қосымша 50 адам тартылады.

Михаил Ленденманның серіктестікте агроном болып жүргеніне биыл екінші жыл. Бұған дейін есепші қызметін атқарған ол өз жұмысына баппен, жауапкершілікпен қарайтынын айтады.

МИХАИЛ ЛЕНДЕНМАН, «Шатило және К» ЖШС агрономы, Жамбыл ауданы:
– Жалақым 220 мың теңгені құрайды. Барлығы көңілден шығады. Жұмыс уақыты да талап бойынша. Дегенмен, астық жинау маусымы болғандықтан, егістік алқабына күнде келіп отыру керек. Бағымызға орай, ауа райы жылы болып, ісіміз берекелі жүріп тұр.

Осы қарқында жалғаса берсе, аграрийлер қырмандағы шаруаны алдағы 3-4 күнде аяқтауды жоспарлап отыр.

Алтынай Казиканова