Мәдениет

Жаңа қойылым

Бұл – «Қазына аралы» атты спектакль. Оны Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актерлері күні кеше ғана жас көрермен назарына ұсынды. Қызықты қойылым боевик жанрында жасалған. Театр труппасы сахналық туындыны әзірлеу үшін 3 ай көлемінде дайындалған.

ТИМУР КӘРІМЖАНОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының қоюшы режиссері:
– Балалар жылы аясында біз балалар маусымын ертерек ашуды жөн көрдік. Қойылым режиссері – Роман Степенский. Ол – өте талантты режиссер. Біздің актерлеріміз үшін онымен жұмыс істеу қызықты болды. Сахналық қақтығыстар, семсерлеу бойынша шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Спектакль ауқымы сахнаны ғана емес, көрермен залын да қамтыды.

Балаларға арналған қойылымды осылай басқаша үлгіде ұсыну көрерменге ерекше әсер қалдырады дейді театрдың қоюшы режиссері Тимур Кәрімжанов. Юнги Джим Хоусингтің рөлі Павел Вилковқа бұйырған. Жас актер орыс драма театрының шығармашылық ұжымына бір жыл бұрын қосылған. Сеніп тапсырылған образды сомдау үшін біраз тер төктім дейді.

ПАВЕЛ ВИЛКОВ, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының актері:
– Кейіпкерім – өте қызықты адам. Кей сәттерде қаталдығын көрсетеді. Мен үшін қатты айқайлау қиынға соқты. Дегенмен, өнерім көрермен көңілінен шықты деп ойлаймын.

Жалпы, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында жаңа 136-шы маусым қазан айының ортасында ашылмақ.

Самал Жунусова