Ауыл шаруашылығы

Техника таңдаудан қателеспеген агроқұрылым

Егістік алқабында – германиялық “CLAAS” комбайны. Бұл көлік осыдан 30 жыл бұрын жиналып, шекара асырылып солтүстік өңірге әкелінген. Сол жылдан бері тегеурінді техника Мамлют ауданындағы “Асхат Агро” серіктестігінде. Қазіргі таңда машина сәл ескірген, оның үстіне оны өзге заманауи комбайндар алмастыруда. Бірақ, агроқұрылым басшылығы бұл көлікпен орақ науқанын бастаған, енді сонымен аяқтағалы отыр. Яғни, жер ана берген алғашқы астық пен соңғы егінді осы “CLAAS” жинап, қамбаға құяды.

Өңі кетсе де тегеуріні сақталған техниканы биылғы жылға дейін Владимир Сизов басқарған. Ал ағымдағы орақ науқанында азамат су жаңа “CLAAS”-тың тізгініне отырыпты. “Өзге комбайндармен салыстырғанда неміс машинасы әлдеқайда жақсы”, – дейді.

ВЛАДИМИР СИЗОВ, “Асхат Агро” ЖШС жұмысшысы, Мамлют ауданы:
– Бұл көліктің тек подшипник, белбеулері сынды ұсақ-түйек заттарын ауыстырдым. Көліктің жолда қалдырған кезі болмады. Тегеуріні тамаша. Астықты да таза жинайды. Өз ойым бұл комбайн кем дегенде әлі 5 орақ науқанына қатысады.

Қазіргі таңда “Асхат Агро” серіктестігінің автопаркінде мұндай 2 комбайн бар. Ал “CLAAS”-тың жалпы саны – 8. Сондай-ақ, агроқұрылымда неміс компаниясының бір тракторы мен жабдықтары жұмысқа жұмылдырылады.

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Бұл – осыдан 30 жыл бұрын шығарылған “CLAAS” комбайны. Ал мына біреуі – биыл жиналған тегеурінді техника. Екеуінің арасында айтарлықтай айырмашылық бар. Ескісінің өнімділігі төмендеу. Ал жаңасы толығымен автоматтандырылған. Қос көлік арасындағы айырмашылық тек бұл ғана емес.

Көліктердің сыйымдылығы да әр түрлі. Жаңасының бункеріне – 8, ал ескісінікіне 6 тонна астық сыяды. Жалпы, қазіргі таңда агроқұрылым тек осы маркалы комбайндармен жұмыс істеуде.

НАҒАШЫБАЙ БАРЛЫБАЕВ, “Асхат Агро” ЖШС басшысы, Мамлют ауданы:
– 30 жыл бұрын біз таңдауды дұрыс жасадық. Ондай комбайндардың қазір ел бойынша 2 мыңы жүр. Олар керек бізге. Еуропаның аты Еуропа. Олардың индустриясы алға шапты. Жер жүзіне қарағанда 4 жерде астық молынан алынады. Ол Қазақстанда, Аргентина, Канада және Австралияда. Оған осы комбайндардың да көмегі тиді.

Алдағы уақытта серіктестік басшылығы аквопаркке тағы да бірнеше “CLAAS” комбайнын алуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, биыл Мамлют ауданындағы агроқұрылым 8 мың гектар жерге дән сіңірген. Қазіргі таңда орақ науқаны 75%-ға тәмам. Маңызды шаруаны диқандар 5-6 күнде аяқтамақ.

Алдияр Айтпаев