Құқық қорғау органдары

Шал ақын ауданының тұрғыны 1 млн теңге ақшасынан айырылып қала жаздады

Шал ақын ауданының тұрғыны алаяқтың құрған тұзағына түсіп қала жаздады. 54 жастағы әйел адамға бөгде біреу хабарласып, банктен оның атына несие рәсімделіп жатқанын айтқан. Оның күшін жою үшін қарсы қарыз алу керек деген. 1 млн теңге көлемінде. Содан несие алу үшін нәзікжанды Ғ.Мүсірепов ауданындағы Новоишимка селосына барады. Ақша құжат жүзінде рәсімделеді, бірақ оны алу кезінде әйел адамның қобалжып отырғанын банк қызметкері байқап қалады. Сұрай келе оның қулардың ықпалына түскені белгілі болады. Банк мамандары бірден полиция қызметкерлерін шақырған.

– “Маған біреу хабарласып Новоишимкадағы банк филиалында менің атыма несие рәсімделіп жатқанын айтты. 3 млн теңге көлемінде деді. Сол себепті, маған қарсы құрал ретінде кредит рәсімдеу қажеттігін нұсқады. Соңында екеуін сәйкестендіре отыра есепшот арқылы алаяқ анықталып, манағы рәсімделіп жатқан 3 млн теңге қарыздың күшін жоюға болатынын айтты».

Алаяқ шешілген ақшаны бір қауіпсіз есепшотқа салу қажеттігін айтқан. Полиция қызметкерлері бұның интернет-алаяқтықтың көп таралған әдісі екенін растайды. Ауыл тұрғыны бұндай қулық түрі барын естіген, бірақ өзі тап болатынын ойламаған.

– «Тұрғындарға айтарым, маған хабарласқандай банктен біреу телефон шалса, оның айтқанына сенбеу керек. Алаяқтар қоңырау шалған жағдайда банктің өзіне келіп білу керек немесе полиция бөліміне хабарласу қажет».

Ал алаяқтар адамдарға хабарласқанда керісінше банк қызметкеріне сенбеу қажет деп айтады екен. Тіпті, белгілі бір іске қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп жалған құжаттар жолдайтын көрінеді. Бұндай жағдай осы жолы да қайталанған.

ДӘУРЕН ИБРАЕВ, Ғ.Мүсірепов ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– «Алаяқ банк қызметкерлері қулармен бірге ауыз жаласқан. Сол себепті, банк ұжымына айтуға болмайды деген. Тіпті, банк өкіліне қатысты тергеу жүріп жатыр деп Вацап арқылы жалған құжаттар жіберген. Қаржы ұйымы мамандары мен полицияның бірлескен әрекеті нәтижесінде бұл қулық іс әшкере болды».

Нәзікжанды банктен алған несиесін өздеріне қайтарып берген соң кредит жабылған. Тәртіп сақшылары тұрғындарға абай болу қажеттігін ескертеді. Банктен-мыс соғылған қоңырауға сенбеу керек. Жалпы, жыл басынан бері облыста манағы аталған әдіспен жүзден астам алаяқтық тіркелген.

Данаш Хамзина