Әр түрлі

Өңірдегі ветеринариялық станциялардың құрылғанына – 10 жыл

Өңірдегі ветеринариялық станциялардың құрылғанына биыл 10 жыл толып отыр. Осыған орай облыстық әкімдікте салтанатты жиын өтті. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиналған мал дәрігерлері қатысты. Шара басында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов сала өкілдерін айтулы датамен құттықтап, қызметтерінің маңыздылығына тоқталып өтті.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Ветеринариялық қызметтің барлық шаралары эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға бағытталған. Жыл сайын сіздер 3 жарым млн-нан астам малға екпе салып, 800 мыңнан астамынан қан сынамасын аласыздар. Бұл – жүгі ауыр әрі жауапкершілігі зор жұмыс.

Кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары ветеринария саласының өкілдеріне елеулі еңбектері үшін медаль мен грамоталар табыс етті. Барлығы 30-ға жуық азамат марапатталды.

Айыртау аудандық ветеринариялық станциясының директоры Бекет Махметов бүгін “Еңбек даңқы” екінші дәрежелі төсбелгісімен марапатталды. Білікті маманның бұл салада жүргеніне 40 жылдан асқан. “Жұмыс жауапты. Ауданда тұрғындардың қолында мал көп, төрт түліктің жағдайы – жіті назарда”,- дейді.

БЕКЕТ МАХМЕТОВ, Айыртау аудандық ветеринариялық станциясының директоры:
– Мал басы бізде өте көп. 40 мың ірі қара, 50 мың қой және 15 мың жылқы бар. Сонымен қатар, шамамен 200 мың құс бар.

Бекет Махметовтың айтуынша, өзекті мәселелердің бірі – ол кадр жетіспеушілігі. Аға буын өкілдері өз білген-түйгендерімен бөлісуге әзір, бірақ оны тыңдар құлақ жоқ. Жастардың ветеринария саласында еңбектенуге деген құлқысы төмен дейді. Дәл қазіргі уақытта станцияға 10-нан астам маман қажет.

БЕКЕТ МАХМЕТОВ, Айыртау аудандық ветеринариялық станциясының директоры:
– Өте ауыр қызмет, жастар жұмысқа келгілері келмейді. Қазір бізде зейнеттегі қызметкерлер бар. Жастарды тарту үшін бағдарламалар бар. «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Оларды қолданып жатырмыз. Бірақ келуі өте аз.

Самал Жунусова