Білім

“Өрлеу” орталығында кезекті оқыту курсы өтіп жатыр

Мектепте тәлімгерлікті ұйымдастырудың ғылыми әдістемелік негіздері.
“Өрлеу” орталығының жергілікті филиалында осындай атаумен оқыту курсы өтіп жатыр. Зейнегүл Мусина Ғ.Мүсірепов ауданынан келіп отыр. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Білікті ұстаздың 24 жылдық тәжірибесі бар. Айтуынша, курстардың тақырыбы қызықты әрі өзекті. Дегенмен, алдағы уақытта осы сынды дәрістер қазақ тілінде өтсе нұр үстіне нұр болар еді дейді.

ЗЕЙНЕГҮЛ МУСИНА, Калиновка орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Курс бастапқы кезде қиын болды. Себебі, оқып жатқан дәрісіміз орысша өтуде. Ал маған әдістемелік тілде орысша ойымды жеткізу қиын. Осындай қиындықтар туындады. Бірақ, мен өзіме керек білімімді шыңдап алудамын.

Оқыту курсы қалалық 7-ші орта мектебінің қабырғасында өтті. Қатысып жатқан мұғалімдердің деңгейі әр түрлі. Дәріс барысында ұстаздар тапсырмаларды саралаудың, жұмысқа жаңадан орналасқан мұғалімге қалай көмектесу қажеттігін және тәлімгер болудың қыр-сырын үйренді.

АЛМА МУРЗАЛИНОВА, СҚО “Өрлеу” біліктілікті арттыру институты кафедрасының профессоры:
– “Мұғалімдер қауымы түрлі тақырыпты талқылап, практикалық тапсырмаларды орындады. Жалпы, екі апталық курс қыркүйектің 5-інде бастау алған екен. Дәріс 72 сағаттан тұрады. Мұғалімдердің белсенділігі жақсы. Осында оқып-тоқығандарын іс жүзінде қолдана білсе нәтижесі де көп күттірмейді.

Оқыту курсына барлығы 25 мұғалім қатысып жатыр. Соның 21-і – аудан педагогтары. Бұл – дәріс тыңдаушыларының бірінші легі. Келесі лектің қашан келетіні әлі белгісіз. Белгілісі, нәтижесінде 50 адам қамтылады.

Гульден Симбаева