Спорт

Жерлес спортшы Еуропа чемпионатының жүлдегері атанды

Бұл – 48 жастағы Марат Жетпісбаевты чемпионатта марапаттау сәтінен үзінді. Қала тұрғыны Оксфорд қаласында ағзаларды транспланттаудан кейінгі және диализде жүрген адамдар арасында өткен жарысқа қатысып қайтты. Дүбірлі додада жерлесіміз өз жас санатында 50 мерге жүзуден екінші орынға ие болды.

МАРАТ ЖЕТПІСБАЕВ, трансплантациядан кейінгі және диализдегі адамдар арасында өткен Еуропа чемпионатының жүлдегері:
– 2004 жылы бүйрегім істен шықты. Жырты жыл бойы диализге барып жүрдім. Алматыдағы ауруханада жаттым, сонда дәрігерлер трансплантациялау отасын жасағысы келді. Бірақ, ол кезде елдегі медицинаның халі мүшкіл еді. Операцияны Қытайда жасаттым. Кейін ағзам қалыпты жағдайға оралып, жүзу және тенниспен айналыса бастадым. Өзім үшін бұл жеңіл спорт түрлері.

Марат Жетпісбаев 2019 жылы “Өмір тынысы” трансплантация жасалған сырқаттар қоғамдық бірлестігі туралы білген. Бұл бірлестік ұлттық құрама жасақтаумен айналысады екен. Соның арқасында Марат Жетпісбаев өзін жүзуші ретінде жақсы қырынан көрсетіп, биыл ұлттық құрама сапында Англияға барған. Солтүстікқазақстандық екінші орын аламын деп ойламаған екен. Марат Жетпісбаев мүшелік ететін ұлттық құрама қатарында өзінен басқа 15 адам бар. Солардың 11-і жүрек пен бүйрек трансплантациясынан өткендер болса, қалған төртеуі – диализде жүрген спортшылар.

МАРАТ ЖЕТПІСБАЕВ, трансплантациядан кейінгі және диализдегі адамдар арасында өткен Еуропа чемпионатының жүлдегері:
– Отбасым маған жақсы қолдау көрсетеді. Трансплантациялау отасын жасатқан солтүстікқазақстандықтарға айтарым, спортпен айналысыңыздар, жергілікті жерде өз командамызды құрайық. Оған диализде жүргендер де мүшелік ете алады. Көңіл қалаған спорт түрімен асықпай шұғылданыңыздар. Өңіріміздің спорт басқармасы бізге назар аударса деймін.

Жалпы, Еуропа чемпионатынан ұлттық құрама 12 медаль иеленіп қайтқан.

Самал Жунусова