Мәдениет

Медициналық қызметкерлер арасында тіл байқауы өтті

“Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы”. Бүгін осындай атаумен Петропавлда медициналық қызметкерлер арасында байқау өтті. Сайыста мамандардың қазақ тілін білу деңгейі таразыланды. Жарыстың басты ерекшелігі – мұндағы қатысушылар өзге ұлт өкілдері.

Балалық шағымызда әрбіріміз шырқаған әнді Евгений Катунцев орындауда. Туынды бірлік пен тыныштыққа шақырады. Жалпы, азамат қазақ тілін мектеп жасынан үйрене бастаған. Қазіргі таңда да мемлекеттік тілді білу деңгейін жақсартуға тырысып жүр екен.

ЕВГЕНИЙ КАТУНЦЕВ, №1 қалалық емхананың массажисі:
– Маған қазақ тілі өте қатты ұнайды. Тілді ойын сияқты үйренемін. Өзімнің ойымдағы дүниелерді қазақшаға аударамын. Балама да қазақ тілін үйретудемін. Оған “Бұл тіл – мемлекеттік тіл, сен оны білуге тиіссің”,- деп үнемі айтамын. Аптаның бірнеше күнін осы тілді үйренуге арнаймыз.

Қатысушылар арасынан Марина Шакубаева көзге оттай басылады. Ол байқауға ана тіліміздегі туындыдан бөлек, ұлтымыздың ұлттық киімін де киіп келіпті.

МАРИНА ШАКУБАЕВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының психиатр-дәрігері:
- Бұл сайысқа бір жұма көлемінде дайындалдым. Қазылар алқасына Мағжан Жұмабаевтың “Сүйемін” өлеңін ұсындым. Жалпы, бұл қасиетті тілді мектеп партасында отырып үйрендім. Түрлі жарыстарға бардым. Қазіргі таңда жолдасыммен де қазақ тілінде сөйлесуге тырысып жүрмін. Болашақта балаларды қазақ мектебіне беруді жоспарлап отырмын.

Бүгін сайысқа барлығы 7 ақхалатты қатысып жатыр. Оның екеуі – жоғары медициналық колледждің студенті. Айта кетейік, бұл байқау өңірде 3-ші жыл қатарынан өткізілуде.

НӘЗИРА БИМАҚОВА, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:
– Сайыс мемлекеттік тілдің қолданыс ауқымын кеңейту және мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлттарды ынталандыру мақсатында өткізіліп отыр. Байқау 4 кезеңнен тұрады. Өзін таныстыру, өнерін көрсету, мақал-мәтелдерді толықтыру және тақырыпты ашу.

Жарыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған қатысушы республикалық кезеңге жолдама алады. Байқау қазан айында ұйымдыстырылады деп жоспарланып отыр.

Алдияр Айтпаев