Қоғам

Аманаттықтар дәріханаларды тексерді

«Корвалол» жоқ, аналогтары бар» – аманаттықтар дәріханаларда препараттардың бар-жоғын тексерді. Партиялық бақылау комиссиясы қаладағы екі дәріханадан аталған дәрі мен «Ацикловир» таппады. Олардың орнына фармацевтер баламаларын ұсынған. Партия мүшелері рейд барысында сұранысқа ие дәрі-дәрмектің бар-жоғын ғана емес, оның бағасын да байқады. Тұрғындар Абай және Астана көшелерінің қиылысындағы әлеуметтік дәріханаға жиі барады екен. Айтуларынша, мұнда дәрі-дәрмек өзгелеріне қарағанда арзан. Бірақ, соның өзінде препараттардың қымбаттағаны анық сезіледі дейді.

НАТАЛЬЯ ГАЛИЧ, қала тұрғыны:
– «Мен мұнда 20-шы шағын ауданнан келдім. Өзіме қажет дәріні сатып алдым. Бір жапырақ дәрі бұрын 560 теңге тұратын, қазір мың теңгеден асып кетіпті. Бұл мен үшін өте қымбат, зейнетақым аз. Дәрі-дәрмек қымбаттап кетіпті».

Бұл әлеуметтік дәріхана – Петропавлда дәрі-дәрмекті төмендетілген бағамен сататын санаулы орындардың бірі. Дәрі-дәрмек қоры мен оның құны – партиялық бақылау комиссиясының назарында. 32 дәрілік препараттың шекті бағасы белгіленген.

ЛАУРА ҚАЙЫРЖАНОВА, “AMANAT” партиясы СҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшесі:
– «Бағаның шекті көлемнен асып кету жағдайларын кезіктірмедік. Бірақ, дәрінің белгілі бір түріне байланысты тапшылық бар. Әлеуметтік дәріханада «Корвалол» болған жоқ, дәріхана қызметкерлері бізге «Корвалтаб» дегенін берді. “Ацикловир”-дің де баламасы ғана бар. Фармацевтер дәрі-дәрмектің тапшылығын оны жеткізумен байланыстырып отыр».

Баға көтерілген жағдайда аманаттықтар бұл мәселені партиялық бақылау комиссиясының талқылауына ұсынады. Содан кейін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетімен бірлесіп бағаның өсу себептерін анықтау және айыптыларды жауапкершілікке тарту мақсатында кеңес өткізіледі.