Билік

Әлихан Смайылов интернет сапасын сынға алды

Осы аптада өткен Үкімет отырысында цифрландыру мен интернеттің сапасы жайлы айтылды. Премьер-Министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстанда Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жүргізілді. Нәтижесінде қағазбастылық тыйылды. Реинжиниринг процесі 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процесті қамтымақ. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бүгінде оның үлесі 94%-ға жетіп отыр. Сондай-ақ, 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкіндігі іске асырылды. Жыл соңына дейін олардың саны 44-ке дейін жеткізілмек. Ауыл шаруашылығы саласында 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап субсидиялау жүйесі іске қосылды. Мұнда фермерлерге қажетті мемлекеттік қолдау жөніндегі барлық ақпарат жиналған, бұл фермерлерге шығындарды 30%-ға қысқартуға, жалпы құжаттармен әуре-сарсаңды қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл ретте Премьер-Министр бірқатар бағыттар бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын атап өтті. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақытылы жүргізілген жоқ. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
“Жалпы, интернет-қызметтердің сапасына қатысты сұрақтар бар. Алыстағы елді мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда интернет байланыстың сапасы барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан түсіп жатқан шағым көп. Егер интернет байланысы жақсы болмаса, цифрлық платформалардың және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек».