ТКШ

Алдағы демалыс күндері қалада су болмайды

«Қызылжар су» серіктестігіне тиесілі су құбырларын жуып-шаю жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Көпшілік бұған үйренісіп қалды. Биыл да су тарату 2 тәулікке тоқтатылады. Сол себепті, тұрғындарға алдағы сенбі-жексенбіге су қорын дайындап қойғаны жөн.

ЛАРИСА АШИРОВА, «Қызылжар су» ЖШС су тазартқыш ғимаратының технологы:
– Құбырларды тазарту жұмыстары қыркүйектің 16-сынан 17-сіне қараған түні сағат 12.00.-де тоқтатылады. Бізде де су беру тыйылады. Түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Тіршілік нәрін тарату дүйсенбі күні танертең қалыпқа келтіріледі.

Су беруді тоқтату – жоспарлы шаруа. Мамандардың айтуынша бір жыл ішінде таратушы құбырлар ластанады. Тіршілік көзі сапалы болу үшін оларды түрлі қалдықтардан тазартып, дезинфекциялау қажет.

ЛАРИСА АШИРОВА, «Қызылжар су» ЖШС су тазартқыш ғимаратының технологы:
– Алдымен құбырларды қарқынды тазалау жұмыстары жүргізіледі. Кейін микробтарды жою үшін жоғары жылдамдықпен хлор ерітіндісін жібереміз. Құбырларға арнайы ерітінді 5-6 сағатқа жіберіледі. Кейін шаю процесін өткіземіз, ол стандартқа сай ауыз су аққанша жүргізіледі.

Тазарту жұмыстары ертерек аяқталып, су жексенбіде де беріліп қалуы мүмкін. Алайда, мамандар оны тек шаруашылық мақсатта ғана пайдалануға кеңес береді. Тіршілік нәрін хлордың иісі кеткен кезде ғана ішуге болады.

ГАЛИНА ТЮМЕНЕВА, «Қызылжар су» ЖШС орталық зертханасының меңгерушісі:
– Зертханада 40 түрлі тексеріс жүргізіп, ауыз су сапасын нормаға келтіреміз. Жуып-шаю шараларынан кейін де мамандарымыз тіршілік көзінің сапасын бақылап отырады.

Үздіксіз су тарату үрдісі уақытша үзілгенімен әлеуметтік маңызы бар емдеу мекемелері мен өндіріс ошақтары тіршілік нәрінсіз қалмайды. Ондай нысандарға су тасымалдауды серіктестік өз мойнына алып отыр.

Самал Жунусова