Әр түрлі

Зауыт ардагерлері

Киров атындағы зауыт 1928 жылы Мәскеуде құрылған. Кейін соғыс басталып, кәсіпорын Петропавлға эвакуацияланады. Мұнда майданға қажетті құрал-жабдықтар шығарылған. Осы жерде құрастырылған радиоқабылдағыш, таратқыш пен радиостанциялар бірден ұрыс даласына жөнелтіліп отырған.
Атағы жер жарған зауытқа Вадим Балуба 61 жылы инженер-технолог болып орналасқан екен. Береке тұрақтылықта деген қиғиданы ұстанатын қария бір жерде 30 жылдан астам тер төккен.

ВАДИМ БАЛУБА, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ ардагерлер кеңесінің мүшесі:
– Зауытта түрлі бөлшектерді құрастырумен айналыстым. Кейін технологиялық бөлімде бюро бастығы қызметін атқардым. 73-ші жылы жабдықтау бөліміне жетекшілік еттім. Жүгі ауыр жұмыс еді. Зауыт көз алдымызда өсіп, өркендеді.

Саналы ғұмырын зауытқа арнаған Вадим Андреевич осы жерде зайыбымен танысқан. Әріптес жандар шаңырақ құрып, екі бала тәрбиелеп өсіреді. Сексеннің сеңгіріне шыққан қария зейнетте болса да кәсіпорын өмірінен алшақтаған емес. Ардагерлер кеңесінің құрамына мүшелік ете жүріп жас мамандарға бағыт-бағдар нұсқайды, тәрбиелейді. Аталған ұйымның тамыры тереңде жатыр. Сонау 77-ші жылы құрылған екен. Басқосуларында келелі мәселелерді ғана талқылап қоймай, белсенді жандар бос уақыттарын тиімді өткізуге тырысады. Ұйымға Людмила Воропаева мүшелік етеді. Ол да зауыттың ардагері.

ЛЮДМИЛА ВОРОПАЕВА, «С.М.Киров атындағы зауыт» АҚ ардагерлер кеңесінің төрайымы:
– Зауыт жанынан құрылған ардагерлер кеңесіне 650-ге жуық ардагер мүшелік етеді. Дені – кәсіпорында кемі 10 жыл жұмыс істегендер. Біз кеңес мүшелерін түрлі мерекелерде назардан тыс қалдырмауға тырысамыз. Қазір қарттар мен мүгедектер айлығын өткізуге дайындалып жатырмыз. Ардагерлерімізді марапаттауға қажет қаржыны кәсіпорын басшылығы береді.

Людмила Воропаеваның айтуынша, кәсіпорын қабырғасында өтетін мерекелік шараға 2 млн теңге бағытталып отыр. Салтанатқа денсаулығына байланысты қатыса алмайтын жандарға тарту-таралғысы, ақшалай сыйақысы үйіне жеткізіліп береді. “Қарты бар ел – қазыналы ел” демекші, бұл ретте Киров атындағы зауытта кезінде еңбек еткен еңбеккерлер жыл бойы назарсыз қалмайды. Өйткені, олардың еңбегі зауытқа қана емес, елдің өркендеуіне сіңді.

Самал Жунусова