Қоғам

«Tomiris» әйелдер көшбасшылығын арттыру жобасы қолға алынды

«Әйел бір қолмен бесікті тербетсе, екінші қолмен әлемді тербетеді». Солтүстік Қазақстанның әйелдер күштері альянсының мүшесі Гүлбақша Мұсабаева «әлемді тербетеді» деген сөзді саясатпен байланыстыруға болады дейді. Қоғам белсендісі жақында ғана «Tomiris» әйелдер көшбасшылығы бойынша жобаға қатысып қайтты. «Tomiris» – Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның, сонымен қатар, “AMANAT” партиясы мен Konrad Adenauer (Конрад Аденауер) қорының қолдауымен жүзеге асырылған жоба.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚ әйелдер күштері альянсының өкілі, “AMANAT” партиясының мүшесі:
– Мен өзім бұрыннан Парламентке баруды армандаған едім. Осы жоба барысында біз әйел депутаттармен дөңгелек үстелде кездестік. Жұмыстарымен, жауапкершіліктерімен таныстық.

Сонымен қатар, жоба барысында Гүлбақша Мұсабаева саясаттағы гендерлік мәселелер, құқық, эмоционалды интеллект, жобаларды басқару сынды тақырыптар бойынша курстардан өткен. “Tomiris” жобасының қатысушыларына өз аймақтарындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған жобаларды әзірлеуге, ұсынуға, содан кейін іске асыруға үш ай уақыт беріліпті. Өз кезегінде жерлесіміз әйелдердің тұлғалық өсуі мен интеллектуалдық дамуына көмектесу турасында жоспарымен бөлісті.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚ әйелдер күштері альянсының өкілі, “AMANAT” партиясының мүшесі:
– Мен өзім ораторлық өнермен айналысамын. Өзімнің мектебім бар. Оны енді саяси деңгейде қошбасшы болатын әйелдермен бөліскім келеді. Сонымен қатар, түрлі қақтығыстардың алдын алу, медиация техникаларын қалай қолдану соны да жобама енгіземін.

Жоба финалистері ағымдағы жылдың желтоқсанында елордалық сарапшыларға өз идеяларын ұсынады. Жалпы, шара жерлесімізге ерекше әсер қалдырған көрінеді.

ГҮЛБАҚША МҰСАБАЕВА, СҚ әйелдер күштері альянсының өкілі, “AMANAT” партиясының мүшесі:
– Осындай жақсы бір рухани сілкініс болды мен үшін. Мен ана ретінде, ғалым ретінде, қоғамдық қайраткер ретінде осы жобаны енгізгім келеді. Әйелдерді қолдау керек. Егер әйел өсемін десе, төрелік қызметте боламын десе оларды қолдау керек.

«Tomiris» – елімізде алғаш рет ұйымдастырылған жоба. «AMANAT» партиясының облыстық филиалының кеңесшісі Роза Шәкенованың айтуынша жобаға қызығушылық танытқандар көп болыпты. Оған қатысу үшін ел бойынша 300-ден астам нәзікжанды өтінім жолдаған. Соның 30-ы ғана іріктеліп алынды.

РОЗА ШӘКЕНОВА, «AMANAT» партиясы СҚОФ кеңесшісі:
– Жобаның бірінші кезеңінде үміткерлер өздері жайлы резюме толтырды. Сосын эссе жазды. Ал екінші кезеңінде онлайн әңгімелесу болды. Оның барысында 30 адам іріктеліп алынды. Олар 5 күндік оқудан өтті. Біздің облыстан 7 адам өтініш жіберген. Тек 1-уі ғана өтті.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта «Tomiris» жобасының ауқымын кеңейтіп, дәстүрлі жобаға айналдыруды жоспарлап отыр.

Самал Жунусова